Сайлау

"Өзіміздің адамымыз бар". Ақтөбе облысында сайлаудан шу шықты

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шалқар қаласының әкімін сайлау үшін кандидаттарды тіркеу кезінде шу шықты.

Қала әкіміне үміткер ретінде тіркелген Ерлан Әбдікәрім әділетсіздікке тап болған, деп хабарлайды Экспресс К.

Шалқар қаласының әкімін сайлау 3-ші сәуір күні өтеді. Алайда жергілікті тұрғындар сайлаудың өтетінін білмейді.

Халық сайлаудың болатынын білмейді, мүлде хабарсыз. Өзім 9 наурызда әкімшілік қызметкерінің бірінен әкімді халық сайлайтыны туралы естідім. Осыдан кейін білімді, отаншыл жастарды жинап, "араларыңнан біреуің шығып үміткер болыңдар" дедім. Бірақ жастардың көпшілігі тәжірибесінің жоқтығын айтып, бас тартты, — дейді Ерлан Әбдікәрім.

Жастардың ішінен белсеніп шыққан бір жігітті 14 наурыз күні сайлау комиссиясы төрағасының алдына апарады. Алайда комиссия төрағасы кандидаттың тәжірибесі болуы керек екенін, жарнаға төлеген 60 мың теңге кері қайтарылмайтынын айтып, үрей туғызған. Осыдан кейін ол жігіт бас тартты. Сол жерде Ерлан Әбдікәрім өзінің үміткер ретінде түсетінін айтады. 15 наурызда қажетті құжаттарын тапсырады.

Осыдан соң телефоныма тыным болмады. Сайлаудан бас тарт, өзіміздің тағайындап қойған адамымыз бар" деп қоңырау шалушылар көбейді. Аудан әкімдігінен де хабарласты. Мен бас тартпайтынымды айттым. Осылайша құжаттарымды 17 наурызда әрең тіркеді,

— дейді Ерлан Әбдікәрім.

Сайлау комиссиясы 19 наурыз күні қол жинап келу үшін 185 адамның тізімін береді. Және бұл тізімді 21 наурыз күні тапсыру керек. Екі күнде Ерлан Әбдікәрім 250 адамның қолын жинайды. Алайда соңында 61 адамның ғана қолы дұрыс қалғаны жалған деп танылады.

Жалған дегендердің тізімін сұрадым, хабарласып білейін дедім. Бірақ олар тізімді бермеді. Сөйтіп кандидаттыққа өтпей қалдым. Қазір аудандық прокуратураға арыз жазып қойдым. Бірақ ешқандай үміт жоқ. Бұл сайлаудың ұйымдастырылуы күшті болып тұр,

— дейді ашынған азамат.

Ерлан Әбдікәрім осы мәселені айтып Президентке үндеу жолдамақ.

Үміткердің сенімді өкілі Айдын Дәменқұлов та комиссияның заңсыз әрекетке барып отырғанын айтады. Тіпті белсенді жігіт видео түсіріпті. Оны әлеуметтік желіге таратқан.

Аталған мәселе бойынша, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сапарғали Құлбергеновке хабарластық. Оның айтуынша, барлығы заң аясында өткен.

Шалқар қаласы әкіміне кандидат ретінде өзін-өзі ұсынған Ерлан Әбдікәрімнің қол қою парақтары аудандық сайлау комиссиясына тапсырылды. Үш күндік мерзімде паспорт қызметкерлерін тарта отырып, жиналған қолдар анықталып, тексерілді. 250 сайлаушының қолы қойылған 10 парақ тексеріліп, 89 қол расталды, 161 қол жалған деп танылды, — деді сайлау комисисясының төрағасы.

Үмітін үзген азамат енді бейбіт митинг өткізбек. Қалалық әкімдіктен митинг өткізетін жер сұрапты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров