ERG

Пештің қызуындай ыстық ықыласпен еңбек ететін металлург

Арайлым ҒАНИ

© Болатбек КӘКІМ

Болашағын металлургия саласымен байланыстырғысы келетіндерге ақсулық Аян Егістің әңгімесін ұсынамыз.

Ол ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы — Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етеді, деп хабарлайды Экспресс К.

19 жасында сол зауыттың бірлігі жарасқан білдей бір ұжымы — №6 балқыту цехына келіп, металл балқытудың шебері атанған қызметкер талай шәкірттің жолын ашты. Бүгінде барлығы сыйластығы жарасқан әріптес болды.

Ақсу ферроқорытпа зауытында пештің қызуындай ыстық ықыласпен еңбек ететін Аян Егіс өзінің өндіріске, соның ішінде металлургия саласына келуін — өміріндегі үлкен сый деп біледі. Жүрек қалауымен балқытушының оқуына түсіп, зауыттың №2 балқыту пешінен сараманнан өткен жігіт қолына дипломын ала сала, өндіріс ошағына қайта оралады. Осылайша, еңбек жолындағы алғашқы ауысым №6 балқыту цехындағы 63-пештен басталған. Өрімдей жас жігітті ұжым бірден жылы қарсы алады. Жылы жүздесу, ыстық ықылас, жалын атқан көздермен металл балқыту ісін қолына алған Аян сол пеште тапжылмастан 16 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Уақыт — зымыран. Кезінде сол пештің ең жас балқытушысы Аян болатын. Бүгінде ол аға буын өкілдерінің қатарында. Білікті бригадир, мықты металлургке айналды.

№ 6 балқыту цехы төрт пештен тұрады. Олардың барлығы — әлемдік стандарттарға сай 63 мегаваттық қуатты пештер. Міне сол жерде күні-түні еңбектің көрігін қыздырып жүрген төрт бригада бар. Солардың ішіндегі №3 бригаданы Аян Егіс басқарады. Оның ауысымында жеті адам жұмыс істейді. Олардың қауіпсіз еңбек етулеріне де Аян жауапты. Пештен шығатын металды бақылау, оларға сараптама жүргізу, барлық техникалық процестерін қадағалау — бригадирдің негізгі міндеттері, Аянның алдындағы жауапты істер. Осы жұмыстар сәтті аяқталса — сапалы металл шығады деген сөз.

Қазір бізде барлығы электронды түрде жүреді. Пештегі металл 1600-1800 градуста балқиды. Он екі сағаттық ауысымда айлық жоспарға қарай шамамен 90-100 тонна металл өндіреміз. Әрине, бұның барлығы автоматикамен орындалып отырады,

— дейді Аян.

© Болатбек КӘКІМ© Болатбек КӘКІМ
© Болатбек КӘКІМ

Ол әйтсе де, зауыттағы бригадирлердің мақсаты — сапалы металл шығару. Осыны естен шығармау керек. Біздің тыңғылықты бақылауымыз арқылы бізге дейінгі балқытушының, көрікшінің атқарған жұмыстары көрінеді деп айтты.

Бастапқыдағы балқытушының уақыт өте ыстық металды қорытып шығаратын алтыншы санатты көрікші, одан соң жетінші санатты бригадир қызметтерін тізгіндеп жүрген оның еңбексүйгіштігін зауыт ұжымы жақсы біледі.

Кезінде өзіне тәлімгерлік еткен зауыттың Қуат Ахмекенов есімді мықты маманының алдынан өткен балқытушы қазір өзі де шәкірт дайындап, жас қызметкерлерге темір балқытудың ілімін үйретіп жүр.

— Зауытқа жаңа толқын келіп жатыр. Жастар көп. Оларға жетекшілік етіп, үйретуден жалықпау қажет. Қандай шәкірт дайындайсың, сондай маман шығады. Жұмыстың оңайы жоқ. Тек талаптанып істей білу керек. Металлургия саласын таңдағысы келетін інілеріме айтарым — физикалық тұрғыдан көп еңбектеніңіздер. Спортпен шұғылдануды әдетке айналдырыңыздар. Жауапкершілік пен төзімділік қай жерде де ұятқа қалдырған емес. Соны да ескеріңіздер (жымиып). Қалғанын үйреніп алуға болады, — деп кейіпкеріміз ағалық ақылын да ұсынды. Ширақ та шапшаң қозғалатын Аянның өзі де құдды бір өндіріс үшін жаралғандай.

Спортты жанына серік ететін ол жұмыстан қолы босаса, жаз айларында футбол ойнап, таңғы самалмен жүгіріп, жаттығу залдарынан бір-ақ шығады. Ал қыста оны бассейннен жиі көруге болады.

Әріптестерімен туған бауырдай араласып, жұмыс басында ғана емес, өмірде де бірліктің туын жықпайды.

Өндірісте ерен еңбекпен шыңдалған, әлі де шыңдалып келе жатқан Аян Егіске анасы мен бауырлары, ұл-қызы әрқашан қолдау білдіреді. Өсем деген адамға мұндай қолдау күш-қуат берері белгілі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров