Шоу-бизнес

Белгісіз ер адам Айгүл Иманбаеваның шашын жұлды

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

©instagram.com/aigul_imanbayeva

Оқиға Шымкентте болған. Айгүл Иманбаева Наурыз мейрамына арналған шарада ән айтып жатқан сәтте артынан 55-60 жас шамасындағы ер адам жақындап, бір тал шашын жұлып алған.

Көпшілік ер азаматтың мұндай әрекетке не үшін барғанын түсіне алар емес, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Видеода Айгүл Иманбаева көпшіліктің ортасында ән салып, жанкүйлерімен суретке түсіп жүр. Бір сәтте оның артында тұрған ер адам өнерпаздың бір тал шашын жұлып алған. Оның бұл әрекетін әнші сезген болар, себебі артқа бұрылып қарап, не болғанын түсінгісі келгендей. Алайда, шаш жұлғыш еркек түр бермей тұра берген. Сосын жұлынған шашты орап, қалтасына салып әкеткен.

Желі қолданушылары дап-дардай азаматтың мұндай қадамға не үшін барғандын түсінбей әлек. Көбі еркек адамның бұл ісін ерсі көріп отыр. Ал кейбір пікір білдірушілер ол Айгүлдің шашын ырымдап алған болуы мүмкін деп болжамдапты. Сондай-ақ "ДНК сараптамасын жасату үшін әдейі жұлды" деген де пікірлер айтылған.

Осы оқиғаға орай әншінің өзімен тілдестік. Айгүл Иманбаева шашы жұлынған сәтті анық сезгенін айтады. Алайда, ол мұны істеген адамға ренжімейтінін жеткізді. Себебі онымен алдында бір рет жолыққан екен.

Немересінің аузына түкірткен. Содан түрі таныс. Шашымды да ырымдап жұлған болу керек. Мен сол оқиғадан кейін өзімді біртүрлі сезініп жүрдім. Алайда, теріс пиғылы болмады деп ойлаймын,

— дейді Айгүл Иманбаева.

Мұндай жағдай әншінің өмірінде бірінші рет болған екен. Иманбаева көпшілік көбіне балаларының аузына түкіріп беруді сұрайтынын айтады. Сондай-ақ көйлектерін сыйға тартуды өтінгендер де кездескен екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров