Неміс фотографы тоқсаныншы жылдардағы Арал жағалауының суретін жариялады


© Getty IMAGES/Ulrich BAUMGARTEN
Неміс фотографы Урлич Баумгартен тоқсаныншы жылдар басында Аралға жасаған сапарында апатқа ұшыраған теңіздің суреттерін жариялады. Онда ауыл балаларының құмда қалған кемелерде ойнап жүрген сәті боямасыз берілген.
Шетелдік фотограф Арал теңізінің отыз жылға жуық уақыт бұрынғы суретін жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.
1993 жылдың шілде айында неміс фотографы Урлич Баумгартен экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізінің жағалауындағы ауылдарды аралады. Ол ғасыр қасіретіне баланатын апатты адамдар қалай бастан кешіп жатқанын боямасыз қалпында берген.


"Арал теңізі деп аталатын алып көл орасан зор экологиялық апатқа ұшырады. Қала мен порты осы уақытта теңізден бірнеше шақырым алысқа ұзап, кемелердің табаны жерге тиді. Қазір олар ауыл балаларының ойын алаңына айналды", — деп жазды фотораф.


Бұрын балық тасып, көп адамның жұмыс орны болған су көлігі тот басып, керексіз күйде құмда қалған. Осыдан кейін балықшылардың көбі ата кәсібінен қол үзуге мәжбүр болды.
Оқи отырыңыз:


Неміс фотографы Арал тартылған соң кішкентай бассейндер пайда болғанын жазады. Әрі бұл жерден қаншама кеме көру апаттың қай деңгейде болып жатқанын аңғартады. Ал суреттегі баланың жасы бүгінде шамамен отыз бестерде болуы керек.


Фотограф мұндай апатты бұрын кездестірмегенін, бұл ғаламдық мәселе екенін айтып, оған әлемнің әрбір азаматы алаңдауы керек екенін жеткізген.


Бұрын теңіз бен шағалаларға күнде куә болған Арал қаласының тұрғындары енді иен далада қалды.


Урлич Баумгартен құмды ауылдағы балалардың бірнеше суретін түсірген. Оның сөзінше, теңіз тартылған соң ауылда шаңды дауылдар көбейген.