Пәтер

Қазақстанда 15 мың теңгеге 3 бөлмелі пәтерді қалай алуға болады?

Олжас НҰРЖАҚЫП

Pixabay

Баспана – қоғамда ең өзекті мәселенің бірі. Содан болар соңғы уақытта кәсіпкерлер, түрлі қорлар тұрмысы төмен отбасыларға тегін үй сыйлап жатқанын жиі естіп жатамыз.

Осы орайда Экспресс К тілшілері елімізде тегін берілетін баспана бағдарламасы бар ма? Жалпы ел азаматтары үйлі болуы үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Кімдер жеңілдікпен пәтер ала алады деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Елімізде тегін берілетін баспана бағдарламасы бар ма?

Осы мәселе төңірегінде ЭК тілшілері ең ірі мегополис Алматы қаласы әкімдігіне сұрау салды. Тұрғын үй инспекциясы басқармасы мамандарының жауабына сүйенсек, мұндай бағдарлама жоқ. Ең ыңғайлы мүмкіндік ол сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бағдарламасы. Яғни, 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында арнайы салынған тұрғын үй кешенінен пәтерді жалға алуға болады. Бұл мүмкіндік жалға алушыға ары қарай ақша жинап, баспаналы болуына баспалдақ іспетті.

Тегін берілетін баспананың болмағаны дұрыс дегенді сарапшылар да қолдап отыр. Тұрғын үй нарығының сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, бұл — азаматтарда масылдық психологиясын тудырады. Салдарынан экономикалық жағынан қоғамдық қатынас орнату мүмкін болмайды.

Халық арасында "балық берме, қармақ бер" деген нақыл сөз бар ғой. Сол секілді тегін үй емес, керісінше, мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі тереңдетіп, баспана салуды көбейту керек,

— дейді ол.

Баспаналы болу үшін баспалдақ болар бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Тегіннің орнын алмастырар мүмкіндіктің бірі — сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бағдарламасы. "Жастар жылы" аясында жүзеге асқан бағдарламаның талаптары келесідей:

  • жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік ұйымдардың, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғылықты жері бойынша соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркелуін растау;
  • орналасқан жері бойынша өтініш беру алдында 2 (екі) жыл ішінде меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растау;
  • Қағидаларда айқындалған мөлшерде төлем қабілеттілігін растау;

Бағдарлама аясында жалға берілетін пәтер төлемақысы қалай есептеледі?

Тұрғын үй жалпы алаңының бір шаршы метрін сатып алу құны сол ғимараттың қызмет ету кезеңіне бөлінеді.

Содан кейін бұл нәтиже 12 айға тағы бөлінеді және оған тұрғын үйді пайдалануға, ағымдағы және күрделі жөндеуге, сондай-ақ жер учаскесін күтіп-ұстауға қажетті төлемдер сомасы қосылады (теңгемен, айына 1 шаршы метр үшін).

Нәтижесінде сіз ойлаған пәтердің жалдау құны шығады.

Мысалға, жарамдылық мерзімі 100 жылға есептелген ғимарат деп алайық. Тұрғын үй кешенін салу кезінде оның 1 шаршы метрі 180 000 теңгеге бағаланды.

180 000 : 100 = 1800

1800 : 12 = 150

150 * 40 = 6000 немесе 150 * 100 = 15 000

Осы шыққан санды тағы 12 айға бөлесіз. Сонда 150 теңге болады. Осы бағдарламамен 40 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтерді 6000 мың теңгеге жалға алуға болады. Ал 3 бөлмелі 100 шаршы метр болатын кең үйде тұрғыңыз келсе, онда ай сайын төлейтін төлеміңіз 15 000 теңге мөлшерінде шығады.

Бағдарламаның тағы бір айта кетерлік тұсы — жалға алған пәтер 5 жыл мерзімге ғана беріледі. Осы уақыт аралығында сіз ипотекаға баспана рәсімдеуге немесе қолма-қол ақшаға үй сатып алуға қаржы жинай аласыз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров