Африкалық жігіт

Африкалық жігіт: "Қазақстанға келіп қазақ болдым, руым – қаңлы"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат

Африканың шығысында орналасқан Сомали мемлекетінің азаматы Абдалла Хуссейн Мохамед Қазақстанға білім қуып келген. Өткен жылдың жазында программист мамандығы бойынша қолына диплом алған. Абдалла бүгінгі таңда Шымкентте тұрады. Қазақ тілін жетік меңгерген.

Экспресс К тілшісі Сомали азаматының өзінен эксклюзивті сұхбат алды. Қара жігіт Қазақстанға келіп "қазақ" боп кеткенін, ал руы "қаңлы" екенін алға тартты.

Экспресс К: Алдымен өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып өтіңізші. Қайда туып-өстіңіз?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Мен Африканың шығысында орналасқан Сомали еліненмін. Бізде ең ірі екі қала болса, соның бірі — Харгейса қаласында дүниеге келдім. Мектепті сонда бітірдім. Наурыздың 13-і күні 25 жасқа толдым. Анам — үй шаруасында. Әкем — Хуссейн Харгейса уиверситетінде декан қызметінде. Әкем екі әйел алған. Менің анам ол кісінің екінші жұбайы. Әкемнің екі әйелден 11 ұл-қызы бар. Мен сегізінші перзентпін.

Экспресс К: Сіздің елде көп әйел алушылыққа көзқарас қандай?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Бізде ол қалыпты жағдай. Заң тұрғысында еркекке төрт әйел алуға дейін рұқсат берілген.

Экспресс К: Қазақстанға қашан, қалай келдіңіз?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Мектепті тәмамдаған соң Түркиядағы жоғары оқу орынына грант ұтып алдым. Бірақ оқытушыларым, туыстарым мен таныстарымнан сұрап білдім. Сол кезде Түркияда шетелдіктерге деген көзқарас аса жақсы болмады. Кейін оқытушыларым Ресей, Украина, Қазақстан секілді елдерде оқуға мүмкіндік бар екенін айтты. Таңдауым Қазақстанға түсті. Алматы облысындағы Сүлеймен Демирел атындағы оқу орнына 50 пайыздық жеңілдікпен оқуға түстім. 2016 жылдың қарашасында Қазақстанға алғаш рет келдім. Алғашында даярлық курсында тіл үйрендім. Қазақ тілін емес, неге екенін білмеймін бізге орыс тілін үйретті. Жатақханада тұрдым. Былтыр программист мамандығы бойынша диплом алдым.

Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағатАбдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат
Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат

Экспресс К: Таңдауыңыз неліктен дәл Қазақстанға түсті? Несімен қызықтырды?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Мен бұған дейін Қазақстан туралы интернеттен көп оқып, танысқанмын. Біздегі небір саясаткерлеріміз Алматыда оқыған. Мәскеуде, Ташкентте білім алғандары да жетерлік. Қазақстан халқы қонақжай екенін білемін. Қазақстан туралы көбірек білгім келді, қатты қызықтым. Оның үстіне Қазақстанда жаз мезгілі өз уақытымен, Ресейдегідей емес (күліп). Бірақ ең алғаш Алматыға келгенімде қалың қар жауған болатын. Тіпті біздің ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты бір сағаттай қона алмай ұшып жүрді. Содан әуежайдан түсіп, көлікке отырдым. Жатақханаға дейін 3 сағат кептелісте тұрып, әрең дегенде жеттім. Сол кез әлі есімде, қатты тоңған едім. Өмірімде қар дегенді алғаш рет сол кезде көрдім (күлдім). Қазір климатқа бейімделіп қалдым. Әсіресе Шымкенттің жаз мезгілі Сомалидегі ауа райына ұқсас.

Экспресс К: Қазақ тілін жетік меңгеріп алыпсыз. Қайдан үйрендіңіз? Арнайы білім алдыңыз ба?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Қазақ-түрік лицейі бар ғой, сол секілді біздің де елде Сомали-түрік лицейі бар. Мен сонда 4 жыл білім алдым. Бізге түрік тілін тереңдетіп оқытты. Оның үстіне өз ана тілім сомали тілі арабшаға қатты ұқсас. Сондықтан қазақ тілін үйренуде аса қиындық болған жоқ. Өйткені қазақтың көп сөздері түрік пен арабшаға ұқсас. Тілді Қазақстандағы достарымның арқасында тез үйреніп кеттім. Олармен түрлі кештерге, тіпті тамақтануға барып, күн сайын жаңа сөздермен танысып, жаттап жүрдім. Курсқа жазылып, әлдекімнен сабақ алу деген ойда болған жоқ. Аллаға шүкір, қазір қазақ тілін жетік білемін, осылайша өздігімнен үйреніп алдым.

Экспресс К: Ең бірінші қазақ тілінде қай сөзді үйрендіңіз? Ең қиыны қай сөз болды?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Ең бірінші "ас болсын" деген сөзді үйрендім (күліп). Мен үшін қазақ тіліндегі ең қиын әрі ұзақ жаттаған сөзім — қанағаттандырылмағандықтарыңыздан.

Экспресс К: Сіздің қазақ тілінде сөйлегеніңізге өзгелер таңырқап жататын шығар?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Қазақстанға келгеніме 6 жылдай болды ғой. Алғашында қазақшаны акцентпен сөйлейтінмін. Қазір жетік меңгердім. Кей адамдар Сомалиден келгеніме сенбейді. "Қой, қалай үйрендің сонда? Мүмкін Қазақстанда туып-өскен шығарсың?.. Қазақшаң судай" деп таң қалады. Ол кезде құжатымды көрсетемін (күліп). Менің ойымша, қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білген дұрыс.

Экспресс К: Алматыда білім алыпсыз. Ал Шымкентке қалай келдіңіз?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде жергілікті азаматтармен тез тіл табысып кеттім. Жақын араласқан үш досым болды. Оның екеуі — шымкенттік. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысы, Арыс қаласының жігіттері. Шымкентке алғаш рет 2018 жылдың жазында келдім. Достарым алып келді. Туыстарының үйіне апарып, жақсылап күтті. Қонақжайлылық танытты. Бұл кезде Шымкент қаласы мегаполис болып, Түркістан дербес облыс боп бөлінген еді. Шынымды айтсам, бір келген сәттен бастап Шымкентке бауыр бастым. Кейін жиі келетін болдым. Жаңа айтып өткенімдей Шымкенттің жазы Сомали климатына ұқсас болғандықтан ба, Алматыда біраз жүріп қалсам кәдімгідей бүйрегім бұрып, сағынатынмын. Халқы да ерекше ыстық ықылас танытты. Адамдары өте қарапайым. Мен қаншама адамдармен араластым. Оның ішінде танымал, небір қалталы азаматтар бар. Бірақ қарапайымдылықтарын жоғалтпаған. Сол үшін де шымкенттіктерге ризамын. Оқуымды бітірген соң Шымкентте түпкілікті көшіп келдім. Қазір осында тұрып жатырмын. Осы ретте жатақханада бірге тұрған достарыма ерекше алғысымды айтқым келеді. Солардың демеуімен, ақыл-кеңестерімен Қазақстандағы өмірге, менталитетке бейімделдім.

Экспресс К: Немен айналысасыз?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Ағылшын тілінен сабақ беремін, арнайы курс ашқанмын. Бұдан бөлек блогермін. ТікТок, Instagram парақшаларымды тұрақты түрде жүргізіп отырамын. Киноларға түстім. Тойларда ән шырқаймын. Енді ол тапсырыс шыққанына байланысты. Алдағы уақытта домбыра тартуды үйренсем деймін.

Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағатАбдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат
Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат

Экспресс К: Шымкентте өмір сүру қиын емес пе?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Материалдық тұрғыда айтып отырған болсаңыз, қазір барлық жерде қымбатшылық қой. Бірақ Шымкент — Қазақстандағы ең арзан әрі ең күшті қала дер едім. Өзіме ұнайды.

Экспресс К: Тойларда қандай әндерге жиі сұраныс түседі?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Қазақ — тойшыл халық қой. Ал тойда міндетті түрде билейтін әндерге сұраныс жоғары. Менен қазақ тіліндегі әндерді орындауымды сұрап жатады.

Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағатАбдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат
Абдала Хуссейн Мохамед/жеке мұрағат

Экспресс К: Абдалла, сіз жүрген жеріңізде "қазақпын, руым — қаңлы" дейді екенсіз...

Абдалла Хуссейн Мохамед: Иә, Қазақстанға келген соң маған қол ұшын созған жақын екі досымның бірінің руы — қаңлы, екіншісі — қоңырат. Олар маған жай дос емес, осындағы туыстарымдай боп кетті. Сол үшін жүрген жерімде "анам — қоңырат, әкем — қаңлы" деп жүремін. Негізі ру деген біздің ұлтта да бар. Қазақстанға келгенде қазақтардың да арасында ру бар екенін біліп, таң қалдым. Мәселен, менің руым — Иса Муса. Бізде де жеті ата деген бар. Дінім — мұсылман. Сомали халқының 99,9 пайызы мұсылмандар.

Экспресс К: Қолыңызға диплом алған соң ата-анаңыз елге қайт деген жоқ па?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Бізде бала 18 жасқа толды ма, болды. Ары қарай өз өміріне өзі қожайын. Кейде ата-ана ақыл-кеңестерін айтуы мүмкін. Бірақ таңдау құқығы, еркіндік берілген. Сондықтан маған "үйге қайт" немесе "үйлену керек" деп қолқа салмайды.

Экпресс К: Үйлену демекші, шаңырақ көтеру туралы ойландыңыз ба? Сіздерде өзге ұлттың қызын алуға көзқарас қандай?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Бізде қатып қалған қағида жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, бала ересек өмірге қадам басты ма, таңдау құқығы өзінде. Мәселен, менің анамның әкесінің төрт әйелі бар. Оның екеуі — араб қызы. Мен осыдан екі жыл бұрын қазақ қызына қатты ғашық болып, үйленгім келді. Бірақ ол қыздың ата-анасы түбегейлі қарсы болды. Алла бұйыртса, келер жылы өз еліме қайтамын деп ниеттеніп отырмын. Сонда жұмыс істеп, ата-анама қол ұшын беруім керек. Не дегенмен ол кісілер бізге білім беріп, аяқтан тұрып кетуімізге себепші болды. Еліме барған соң үйленермін. Біздің елде жастар кеш үйленеді. Бұл қалыңмалдың көптігімен байланысты деп ойлаймын. Айтпақшы, бізде де қызға қалыңмал беріледі. Білуімше қазір Сомалиде бір қыздың орташа қалыңмал құны теңгеге шаққанда 4-5 миллион. Неке қиғанда әйел күйеуінен мәһр сұрайды.

Экспресс К: Қазақстан туралы сұраған жерлестеріңізге бірінші кезекте нені айтар едіңіз?

Абдалла Хуссейн Мохамед: Қонақжайлылық пен халқының қарапайымдылығын. Адамгершілік деген қасиетті жоғары қояды. Алдағы ақытта Қазақстанға келгім келеді. Болашақта балаларыма қазақ халқының кеңпейілділігін көрсетсем деймін. Өз елімде қазақ тілін ұмытып қалмас үшін қазірдің өзінде ТікТок пен Instagram парақшама қазақ тілінде түсірілген көптеген видеоларды жүктеп жүрмін. Ертең мен үшін ол тәтті естеліктер болып қалады.

Экспресс К: Сұхбатыңызға рахмет!

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров