Жүргізуші куәлігі

"60 мың теңгеге жүргізуші куәлігін сатып алыңыз". Мұндайды естідіңіз бе?

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгінде "Жүргізуші куәлігін алуға көмектесеміз" деген хабарландыруды әлеуметтік желілерден кезіктіруге болады. Ондағы ақпаратқа сай құжатқа еш қиындықсыз қол жеткізуге болатын көрінеді. Тек қаржысын төлесеңіз болғаны.

Делдалдар тіпті куәлікті көрсетілген мекен-жайға дейін жеткізіп беруге дайын, деп хабарлайды Экспресс К

Instagram желісіндегі парақшада көрсетілгендей, Таразда жүргізуші куәлігін 3 күннің ішінде, ешқандай емтихансыз және кезекке тұрмай-ақ алуға болады екен. Мұндай қызметті ұсынып отырған адамдармен WhattsApp мессенджері арқылы әңгімелестік. Өзін Мадина деп таныстырған бойжеткен шарттар жазылған парақшалар жіберді.

Бірінші кезекте Сіз өзіңізге қажетті қызмет түрін таңдайсыз. Ол тізімде куәлікті алғаш рет алу, мерзімі аяқталған немесе жоғалып кеткен құжатты жаңалау,, жүргізу құқығынан айырылғандарға қайта жасап беру деген сияқты көмек түрлері бар.

Бірінші рет В категориялы жүргізуші куәлігін алу 60 мың теңге тұрады екен. ВС 1 — 80 000, ал ВС 1 С категориясы үшін 100 000 теңге төлеу керек. Қызмет алушыдан жеке куәліктің электронды нұсқасы, 3+4 сурет және тұрғылықты мекен-жайы болса жеткілікті. Және де прайста көрсетілген қаражаттың 50 процентін алдын-ала төлеу қажет екен.

Мадинаның парақшасында оның көмегімен жүргізуші куәлігіне қол жеткізген адамдардың алғыс жаудырған жазбалары көптеп кездеседі. Ондағы жұрттың бәрі ризашылықтарын білдіріп, көпшілікті қызмет алуға шақыруда.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбековтың айтуынша, бұл — таза алаяқтардың тірлігі. Оңай жолмен олжаға кенеліп үйренгендер осылайша адамдарды алдап, ақша табады екен.

Азаматтардың мұндай хабарландырудан аулақ жүргені дұрыс. ХҚКО мұндай қызмет көрсетпейді. Алданған бірнеше адам бізге келіп шағымданған. Кейін полицияға арыз жазды. Мұндай жолмен мемлекеттік қызметке жүгіну мүмкін емес екенін тағы бір ескертемін,

— дейді Данияр Медетбеков .

Мамандардың айтуынша, көбіне мұндай хабарландыру жарияланған парақшалардың иелері шет елдерде тұрады. Сонда отырып-ақ әлеуметтік желілер арқылы арам ойларын іске асырып, адамдарды шырмауына түсіреді.

Ал кейін тәртіп сақшылары анықтай бастағанда, ол аккаунттар өзге елдің аумағында тіркелген болып шығады. Сондықтан ХҚКО өкілдері азаматтарды мұндай хабарландыруларға сенбеуге шақырады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров