Шоу-бизнес

Айгүл Елшібаеваны ұшақта арақ ішіп, шу шығарды деп сотқа берді

Ержан ШАЙЖАН

Айгүл Елшібаева/Коллаж ЭК

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева ұшақта болған жағдайға қатысты Экспресс К тілшісіне түсініктеме берді. Ол Аir Astana компаниясы жала жауып, үстімнен арыз түсірді деп отыр.

Ұшақтағы жағдай 12 наурызда болған, деп хабарлайды Экспресс К.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Аir Astana әуе компаниясы сол күні Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшып шыққан Айгүл Елшібаеваны мас болып, шу шығарды деп, сотқа берген. Ал әнші бұны жала деп отыр. Айгүлдің айтуынша, ол ұшақта істен шыққан орындық үшін стюардессамен сөзге келіп қалған.

"Астанадағы түсірілімдерден кейін "көрісу күніне" үлгерейін деп Алматыға жолға шықтым. Ұшақ ұшып-қонар кезде, орындығыңды түзе дейді ғой. Сөйтсем, мен отырған орындық дұрыс істемейді. Ақауы бар екен. Үш рет артымдағы адам итеріп, қалпына келтірді. Жабық терезені аш деді, оны аштым. "Ұйқы бермедің ғой қақылдап, мазамды алма" деп едім, ол "Девушка я буду на вас жаловатся" деп салонға естірте айтты. Мен де шыдай алмай "Если кресло не работает, я виновата что-ли? Тогда ремонтируйте" деп айқайлап жібердім. Ұшақтағылар стюардесса екеуміздің арадағы осы әңгімені тегіс естіді. Мен ұйқымды әрмен қарай жалғастыра бердім", — дейді Айгүл Елшібаева.

Ұшақ Алматыға қонғанда әншіні 4 полиция қызметкері күтіп алыпты. Сөйтсе, стюардесса үстінен "арақ ішіп, шу шығарды. Қоғамдық тәртіпті бұзды" деп арыз түсіріпті. Енді Айгүлдің әуе компаниясына деген өкпесі қара қазандай.

"Қолымда домбырам бар мені кәдімгі қылмыскер ұстағандай күтіп алды. Кейін әуежайдағы бөлімшеге апарып, хаттама толтырды. Алкоголь тексеретін аппаратқа үрлетті. Масқара! Өмірі арақ ішіп көрмеген мені осылай тексеруі жаныма қатты батты. Аir Аstana, тұтынушыларға құрметтерің қайда? Бір ауыз қазақша білмейтін стюардессаң, қазақтың әншісін танымай, адамды қылмыскердей қаралауы орынды ма?", — деп күйінді әнші.

Айгүл Елшібаева үстінен қозғалған әкімшілік іспен белгілі адвокат Абзал Құспан айналысып жатыр деп қысқа қайырды. Соттың әзірге қашан өтетіні белгісіз. Экспресс К бұл жағдайды назарда ұстайды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров