Оралғайша Омаршанова

Жоғалып кетіп, сүйегі табылған журналистің асырап алған қызы қазір қайда?

Ержан ШАЙЖАН

Оралғайша Омаршанова

Бұған дейін жазғанымыздай, жуырда ғана сүйегі табылған журналист Оралғайша Омаршанованың күйеуі Марат Шәріповті туыстары 24 жылдан бері таппай отыр. 1997 жылы із-түссіз кеткен кәсіпкердің қайда екені әлі күнге белгісіз. Ал жақындары оны өлтіріп кеткен деп отыр.

Экспресс К Гүлнар Шәріповамен сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынады.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Экспресс К: Бауырыңыз Марат Шәріповті өлтіріп кетті, ал өліміне Серік "Голованың", яғни Жаманаевтың қатысы бар дегенді қайдан шығардыңыз?

Марат ШәріповМарат Шәріпов
Марат Шәріпов

Гүлнар Шәріпова: Бауырымның өлімі туралы Серік Жаманаев біледі деп ойлаймын. Қазір Марат жайында қандай да бір ақпарат бере алатын сол ғана қалды. Серікті қазір дінге бет бұрған, қатты науқас екен, өмірінің соңғы сәттері өтіп жатыр деп жазып жатыр ғой. Алланың алдына таза бару үшін Марат туралы айтатын шығар деп үміттендім. Мен соны білу үшін полицияға хабарламастан әйелінің нөмірін тауып, соған телефон шалдым.

Экспресс К: Серіктің әйелі сізге бір нәрсе айта алды ма?

Гүлнар Шәріпова: Әйелі "Менің күйеуім ол жағдай туралы тек куәгер ретінде сұралып жатыр. Ол ешқандай да ауыр халде жатқан жоқ. Науқас дегені өтірік. Осыны жазған журналисті сотқа беремін" деді. Мен "Күйеуіңіз Оралғайшамен жақсы қарым-қатынаста болса, Марат туралы айтқан шығар, білетін шығар? Тым болмаса соны біліп беріңізші. Бізді жолықтыруға мүмкіндік жасап беріңізші" дедім. Әйелі оны этаппен алып кеткенін, қазір қайда екенін білмейтінін айтты. "Егер білген жағдайда хабарласамын" деді.

Экспресс К: Бұл туралы сіз полицияға айттыңыз ба?

Гүлнар Шәріпова: Содан мен үмітім үзіліп жақында Талдықорғанға барып, істі қайта көтеруді сұрадым. Сөйтсек іс қағаздары жоғалып кеткен екен. Прокуротураға барсақ та жоқ дейді. Содан мен жан-жаққа сұрау салып шулаттым. Содан кейін ғана Мараттың ісі табылды. Бауырымның жоғалғанына 24 жыл болды. Содан бері ешқандай нәтиже жоқ. Өзіміз де қанша іздедік, бақсы-балгерлерді іске қостық.

Экспресс К: Оралғайшаның інісі Жанат қазір қайда жүр? Тірі ме өзі?

Гүлнар Шәріпова: Жанатты Оралғайша жоғалып, маған Құндызды әкеп тастаймын деп хабарласқаннан кейін естіген де, көрген де жоқпын. Естуімізше, қазір Алматыда "бомж" болып жүр. Оның шын-өтірігін білмеймін. Шыны керек, оның бар сенгені Оралғайша болатын. Қалған туыстары одан бас тартқан. Өйткені ол — бірнеше рет істі болып, түрмеге түскен адам.

Экспресс К: Марат пен Оралғайшаның асырап алған қызы Құндызды көріп тұрасыз ба?

Гүлнар Шәріпова: Қызым бір күні Instagram-нан тауып алды. Ол содан Құндыздың Қаскелеңде тұратынын, бала-шағасы бар екенін білгенін айтты. Шәріпова Құндыз Маратқызы деп жүр екен. Сосын Құндыз 16 жасында ойланып, өз тегін алды ма екен деп ойладым. Әйтпесе, ол 1-сыныпқа барғанда Оралғайша оның тегін Омаршанова деп берді. Құндызды соңғы рет сол 1-сыныпқа барған кезінде көргенмін. Одан кейін кездеспедім.

Экспресс К: Мараттың жоғалғанына 24 жыл болды. Тым болмаса, сүйегі табылады деп ойлайсыз ба?

Гүлнар Шәріпова: Міне, 14 жыл бұрын жоғалған Оляның (Оралғайша — ред) сүйегі табылды ғой. Ал Мараттыкі қайда? Мен бұл істі жылы жауып қоюға жол бермеймін. Халықаралық дәрежеде көтерсем де, бауырымның қайда жатқанын табуым керек. Әкеміз ұлын тосып, қайғыдан өлді. Бұл жағдай шешемді де әбден жүдетіп тастады. Қаншама туысы отырмыз. Қанша дегенмен, өлдіге де қимаймыз. Сондықтан бар үмітіміз облыстық Полиция департаментінде. Олар бізге істі қайта жандандырамыз деп отыр. Құзырлы орган дұрыс жұмыс істесе, табылатын шығар.

Экспресс К із-түссіз кеткен Марат Шәріпов туралы бұған дейін бірнеше рет жазды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров