Ауа райы

Елімізде бір күнде 814 адам құтқарылды

Кәмшат ҚОПАЕВА

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Еліміздің бірқатар өңірінде кешеден бастап ауа райы күрт нашарлаған болатын. Қатты дауыл тұрып, боран соқты. Ал бүгін Қазгидрометтің мәліметі бойынша, еліміздің Шымкент қаласынан басқа өңірлерінде дауылды ескерту жарияланды. Қар, жаңбыр жауып, қатты жел тұруы мүмкін.

Өткен тәулікте боранда қалған 814 адам эвакуацияланған, деп хабарлайды Экспресс К.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 814 адамның 101-і бала болса, үшеуі — жүкті әйел

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты дауыл салдарынан үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлады. Бірқатар аймақтарда электр желілері істен шықты.

Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Алматы облысында 6 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті.

Министрлікте төтенше жағдай зардаптарын жою үшін республикалық штаб құрылды. Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай штабтар жұмыс жасап жатыр. Психологиялық көмек және ақпараттық қолдау көрсету үшін республикалық және аумақтық штабтарда жедел желі телефоны жұмыс жасайды.

Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында автожолдардың 111 учаскесі жабылды. Олардың 52-сі республикалық және 59-ы облыстық маңызы бар жолдар.

Автожолдардың жабық учаскелерінде халықты эвакуациялау үшін уақытша 40 пункт дайындалды. Жолдың бойында қар тазалу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров