Ресей

Қазақстанда Ресейдің қанша азаматы бар екені белгілі болды

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

© Shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов еліміздегі Ресей азаматтарының нақты санын атады.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізге жұмыс істеуге 6 мыңнан астам ресейлік келген, деп хабарлайды Экспресс К.

Қазіргі кезде Еңбек және Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ Шекара қызметі Қазақстанға келіп-кетіп жатқан адамдарды күнделікті бақылап отыр.

"Ресей бойынша нақты айтатын болсақ, онда 30 наурыздағы мәліметке сәйкес Қазақстанда 101 мыңнан астам Ресей азаматы бар. Оның ішінде 6 350 адам жыл басынан бері жұмыс істеуге келген. Мәселен былтыр ол жақтан 18 800 азамат келген. Яғни әзірге дабыл қағатындай ресейліктердің ағыны жоқ. Бәрі жұмыс бойынша келіп жатыр", — деп атап өтті вице-министр.

Ержан Біржановтың айтуынша, сырттан келетін жұмыс күшінен қорықпау керек, мұның жақсы тұстары да жетерлік.

"Мысалы Indriver деген компания да Қазақстанға келді, кеңсе ашты. Бұл білім мен дағды импорты. Одан не үшін қорқуымыз қажет? Бұрын осындай білікті мамандар мен ірі компанияларды көп ақшаға шақыратын едік. Қазір олар біздің елдің адамдарына жұмыс ұсынып, бюджетке салық төлейді", — деді Ержан Біржанов.

Осы ретте аймақтағы шиелініскен жағдайға орай, сондай-ақ Ресейге салынған экономикалық санкциялар салдарынан ондағы азаматтар Қазақстанға қарай ағыла ма деген сауал қоғамды мазалап жатқаны жасырын емес.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров