Қасқыр

Миллиондаған айыппұл! Елордада қасқыр асыраған азаматтың басы дауға қалды

Олжас НҰРЖАҚЫП

facebook.com/Ұлағат Ханзада

Нұр-Сұлтан қаласында екі қасқырды асырап отырған азамат айыппұл арқалауы мүмкін. Бөлтірік кезінде өліп қалмасын, қолға үйретіп өсіріп, кейін киноға түсіріп, одан әрі қорыққа жіберермін деген мақсатпен малшы ауылдағы жігіттердің қолынан үйіне алып келген саятшы Ұлағат Ханзаданың ісі қазір сотта қаралуда.

Экспресс К бабадан қалған аңшылық танымының тамырын үзбей бүгінгі жеткізуге күш салып, жабайы дала жыртқышын қолға үйретіп, ұлттық руханиятты дәріптеп жүрген Ұлағатпен әңгімелесті. Ол болған жайды толық баяндап берді.

facebook.com/Ұлағат Ханзадаfacebook.com/Ұлағат Ханзада
facebook.com/Ұлағат Ханзада

Экспресс К: Ұлағат, алдымен оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастасақ. Қасқырды қалай қолға үйреттіңіз? Қашаннан бері асырап келесіз?

Ұлағат Ханзада: Карантин басталмай тұрып қасқыр алатын тазы туралы фильм түсірсек деген жоспар болды. Мақсат — бабадан үзілмей жеткен аңшылық танымды көрсету, қазақтың саятшылығын насихаттау еді. Тілек-ниетіміз жаратушыға жетті ме, ойламаған жерден 2 айлық ұрғашы бөлтірік тауып алдым. Бекер босқа далада өліп кетпесін деген оймен қолда асырауға бел будым. Содан атын Құртқа деп қойдым. Есейіп қалған шағында жұрттың көзіне түсті. Ел естіді. Сат дегендер де болды. Бірақ менің арманым ойдағы жоспарды жүзеге асыру еді. Осылайша Абай телеарнасынан бір бағдарлама түсірдік. Кейін "Discovery" және "National Geographic" телеарнасының мамандарының құлағына жетіп, олар да әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді. Бірақ ол кезде Құртқа күйлеп, арлан іздейтін бөрісырғақ кезеңіне келіп қалды.

Содан жан-жақтан сұрастыра бір жаралы арланды алып келдім. Оны емдеп екеуін қоспақ болып жүргенімде біреу Ұлағат үйінде қасқыр асырап, қауіп төндіріп отыр деп полицияға арыз жазған екен. Ойламаған жерден орман шаруашылығы инспекторлары сау ете қалды. Сол жерде хаттама толтырып, заң бұздың деген айыппен ісім сотқа өтті.

Экспресс К: Қасқыр асырғаныңызды ел білді. Бірақ осы уақыт аралығында заңға тартпаған құзырлы орган сізді аяқасты не үшін айыптады?

Ұлағат Ханзада: Әрине, бұл жерде басты мәселе — заң. Мен заңды білмедім деп ақтала алмайтынымды білемін. Бірақ бұл жерде айта кететіні, сол заңды қабылдар алдында аңшы-саятшылардың пікірі ескерілсе, талқылаудан өтсе, оңы мен солы қаралса деген ойым бар. Бұл жерде маған тағылған басты айып дала жыртқышын заңсыз ұстау, құжатсыз асырау, еркінен тыс қамауда ұстау. Бұл ұрлыққа жатады екен. Биыл наурыздың 1-інде жаңа заң күшіне енді.

Бүгінгі күнге дейін соттың жарыссөзі өтті. Алда басты сот отырысы. Тағылған айып бойынша есептесем, маған кемі 2 миллион 600 мың теңге айыппұл салынады екен. Бұл жерде ескерер тағы бір жайт бар. Ол — сот отырысына дейін құжаттарын рәсімдеу. Екі қасқырдың құжатын алсам, жаза жеңілдейді. Бірақ оның машақаты өте қиын.

Алдымен жыртқышқа ДНҚ сараптамасын жасату керек. Мұндай сараптама орталығы Қазақстанда жоқ! Оны шет елден алдырасың. Құны мың доллар. Одан кейін Қазақстанның заңнамалық тәртібіне бекіту деген бар. Оның да бағасы сол жарты миллионның айналасында болады. Сонда мен екі қасқырдың құжатын рәсімдеу үшін 2 миллион теңге жұмсауым керек. Заң жүзіндегі айыппұл мөлшері мен құжат рәсімдеу арасындағы айырмашылық 600 мың теңге. Бұл жерде айта кететін тағы бір басты мәселе, бұл тек мендегі қасқырға ғана қатысты емес, барлық саятшы, құсбегілердің бас ауруы. Яғни заңның еліміздегі саусақпен санарлық азаматтарына түсетін ауырлығы. Бір ғана мысал айтайын, Қазақстанда қазіргі таңда 200-ге жуық құсбегі бар. Ал олар өздері асырап отырған жыртқыштарына құжат алу үшін осы процестен өтеді. Бұл өте қиын жол!

Экспресс К: Ендігі ойыңыз қандай? Бұл даудан арылу үшін қасқырларды табиғатқа жібере салуға болмай ма?

Ұлағат Ханзада: Хаттама толтырған күні соттың шешімі шықпайынша асырап отырған қасқырларды ешқайда жібермеуге қолхат жаздырып алды. Сол себепті үйде асырап отырмын. Қасқыр асырау оңай емес. Күніне жейтін шикі етін, қорегін табу өте ауыр. Осы жерде айтатын ұсыныс бар.

Аңшылық, саятшылық бағытында заң қабылдамас бұрын оның оңы мен солын талқылауға салса, дұрыстап реттесе деймін. Бір ғана мысал айтайын. Аңшылық маусымы жабық делік. Сіз далада тазы итіңізді ертіп, қой бағып жүрсіз. Аяқ астынан бір тұстан қоян қашса, итіңіз соны қуып кетеді. Содан мұсылман баласы болғаннан кейін әлгі қоянды итіңіз ұстап алса, бауыздайсыз ғой арам өлмес үшін. Сол әрекетіңізге 900 мың теңге айыппұл арқалайсыз. Себебі аңшылық маусымына тыйым салынған кезде аң аулауға болмайды. Бірақ бұл жерде сіз әдейі істемейсіз ғой. Ақталсаңыз итіңді жетектеп жүр дейді. Жетектеген ит содан кейін аң ала ма?

Енді не болса да алда көреміз. Бабадан жалғасқан дүние әкеге берілді. Әкемізден көргенді баламызға үйрету басты парызымыз. Егер ол үзіліп кетсе аманатқа қиянат деп білемін!

Экспресс К: Сұқбатыңызға рақмет!

facebook.com/Ұлағат Ханзадаfacebook.com/Ұлағат Ханзада
facebook.com/Ұлағат Ханзада

Экспресс К: Ұлағат Ханзаданың ісі бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сұрау салды. "ДНҚ сараптамасы неліктен елімізде жасалмайды? Сансыз құжат машақатын бір жолға қоюға бола ма? Ұлағаттың мәселесінен хабардарсыздар ма?" деген сұрақтарымызға заңда жазылған баптармен жалпылама жауап алдық.

"Ханзадаев Ұлағат Бекболатұлына жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру қағидаларының 5-тармағын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексі 389-бабының 1-бөлігі (Жабайы жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз иемдену, өткізу, алып өту, әкелу, әкету, сақтау (ұстау)) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюды негіздейтін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар биологиялық негіздеме болуы тиіс. Бұл жануарлар дүниесін жөн-жосықсыз пайдалануды болдырмау үшін енгізілген. Жалпы жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүзеге асырылады. Атап өткен жөн, егер жабайы жануарларды сатып алған, тасымалдаған, ұстаған немесе табиғи ортадан алып қойған жағдайда жануарлардың заңдылығын растайтын құжаттарды сақтап қойған жөн, — делінген комитет жауабында.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров