Зейнетақы

"Президент идеясының беделін түсіреді". Депутат зейнетақы жинағы туралы айтты

Бек ТӨЛЕУОВ

Аманжан Жамалов/facebook.com

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов 1 сәуірден бастап зейнетақы жинағын пайдаланудың шекті мөлшері артатынына байланысты тағы дүрлігу басталғанын айтты.

Сондықтан депутат зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден артық қаражатты алу мерзімін жыл соңына дейін ұзарту туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Былтыр 3 желтоқсанда елімізде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Осыдан кейін қоғамда түрлі пікір айтыла бастады.

20 жастағы адамға шекті сомма 3 140 000 теңге деп бекітілген. Яғни жас адам 18 жасынан бастап жұмыс істейді деп есептесек, 2 жылда (24 айда) 3 миллион теңгеден артық ақша жинау үшін зейнетақы шотына айына 125 мың теңге жіберуі керек. Егер зейнетақы шотына айлықтың 10 пайызы түсетінін ескерсек, 18 жастағы азамат орташа есеппен айына 1,2 миллион теңге табыс табуы қажет. Кейін Президент араласып, бұл мәселе 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

Енді, міне, сол уақыт келіп қалды. Екі күннен кейін 1 сәуір болады.

Халық арасында қарадан-қарап тағы да дүрлігу басталды. Осыған байланысты AMANAT партиясы фракциясы ең төменгі жеткіліктілік шектерін қайта есептеу ұсынысымен депутаттық сауал жолдаған болатын. Бірақ біз сауалымызға формальды жауап қана алдық,

— дейді депутат.

Ол зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу мемлекет басшысының идеясы екенін айтып, оның шегін еселеп көбейту арқылы Президентті ұятқа қалдырамыз деп отыр.

Мемлекет басшысының идеясы — халықтың мықты қолдауына ие болды. Мыңдаған азаматтар тұрғын үй сатып алып, ипотекасын өтеді, ем-домның ақысын төледі. Жеткіліктілік шектерін 2 есе дерлік орынсыз ұлғайту іс жүзінде Президент идеясының беделін түсіреді,

— дейді Аманжан Жамалов.

Мәжілісмен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын сынға алды. Уақыт жақындаса да шешімдер, түсіндірулер мен талқылаулар жоқ. Зейнетақыны шешудің жаңа шектері тағы да халық үшін тосынсый болмақ әрі олар қазірдің өзінде "Отбасы банкінде" кезекте тұр.

Теңге бағамының девальвациясы мен зейнетақы жинақтарының құнсыздануы аясында шектерді ұлғайту азаматтардың наразылығы мен түсінбеушілігін туғызады,

— дейді депутат.

Алдағы уақытта ең төмен жеткіліктіліктің шектерін арттыру негізі ретінде жылдық инфляцияны пайдалану және жыл сайын қайта қарау керек, кемінде азаматтарға нені күту және қалай жоспарлау керектігі түсінікті болады.

Бұған қоса, дағдарысқа қарсы және әлеуметтік шара ретінде азаматтарға зейнетақы жинақтарын автокредиттері мен тұтынушылық кредиттерін өтеу үшін пайдалануға уақытша рұқсат беруді ұсынды.

Аманжан Жамалов қазіргі кезде ауруханада жатқанын айтты. Депутат желтоқсан айында Үкіметке сауал жолдаған. Бірақ келген жауап түсініксіз көрінеді.

Ол былтыр сауал жолдаған кезде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану бойынша жеткілікті шекті екі есе көбейткенде оны пайдалана алатын қазақстандықтар саны 600 мыңнан 150 мыңға дейін, яғни төрт есеге қысқарады деп дабыл қаққан. Мәжілісмен жеткілікті шекті есептеу әдістемесі "Зейнетақымен қамсыздандыру" туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Шекті межені есептеуге, Заңмен белгіленгендей, ең төменгі зейнетақы қолданылса, жеткілікті шектің мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда небәрі 9 пайызға өсер еді. Ал жаңа шекті мөлшер ең төмен жалақыға негізделген.Сондықтан 64-тен 83 пайызға көтерілді,

— дейді депутат.

Бұған дейін Зейнетақы қорындағы артық ақшаны алып үлгеру үшін не істеу керектігін жазғанбыз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров