Химиялық қалдық

Тараз маңында 15 миллион тонна химиялық қалдық үйіліп жатыр

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Үйінділер минералды тыңайтқыш шығаратын "Қазфосфат" компаниясына тиесілі. Сол маңдағы бірнеше елді мекеннің тұрғындары химиялық қалдықтар денсаулығымызға қауіпті деп шағымданып отыр.

Жұртшылық қалдықтардың кесірінен балалардың ауру болып туылып жатқанын айтады, деп хабарлайды Экпресс К

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Химиялық қалдықтар Тараздың батыс бөлігіндегі кіреберісте жиналып тұр. Ол үйінділердің пайда болғанына ондаған жыл өткен. Жел тұрса болды, сол маңға жақын орналасқан Шайқорық, Танты, Қостөбе ауылдарын аппақ шаң басып қалады екен.

Жел тұрған күндері, әсіресе, батыс жақтан соқса, біздің ауылды аппақ түтін басып қалады. Біз далаға шыға алмаймыз. Үйімізге дейін кіріп кетеді,

— дейді Шайқорық ауылының тұрғыны Жанат Иманәлиев.

Жанат Иманәлиев/©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Зиянды қалдықтардың кесірінен тұрғындар арасында түрлі аурулар да көбейген көрінеді. Әсіресе, кішкентай балалардың науқастануы жиілепті.

"Хрустальные ножки" деген ауру бар. Міне сондай балалардың туылуына осы зауыт кінәлі. Қазір осындай аурумен ауыратын қыз-балалар көп. Қалдықтардың әсері. Біз жақта тіпті сиырлардың тісі де, тілі де түсіп қалған кездер болған,

— дейді Шайқорық ауылының тұрғыны Берік Қалдарбеков.

Берік Қалдарбеков/©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Ел ішінде "Улы тау" аталып кеткен химиялық қалдықтың зияны бар екенін эколог мамандар да растап отыр.

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Негізінен ол 5-категориялы қалдыққа жатады. Жел бағытымен ауаға шашырайтын болса, онда тыныс жолдарының немесе көз ауруларының пайда болуына әсер етуі мүмкін,

— дейді эколог Анар Жұмаділова.

Кәсіпорын өкілдері болса қалдықтар зиян дегенді жоққа шығаруда. Олардың айтуынша, бұл арнайы сараптама арқылы дәлелденген.

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Санитарлық қадағалау органдарының , экологияның қорытындысы бар, оның бойындағы токсиндік құрамы төмен. Бұл қауіпсіз қалдық болып саналады,

— дейді "Қазфосфат" ЖШС бас экологы Арман Қарағалиев.

Дегенмен, кәсіпорын қоршаған ортаға келетін зиян үшін жыл сайын облыс бюджетіне 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы құйып отырады екен. Жұртшылық бұл ақша сол маңдағы ауылдардың экологиялық жағдайын жасқартуға жұмсалмай отырғанын айтып ашынады.

Экологиялық эмиссия ретінде бөлініп жатыр. Бірақ тиімді қолданып жатқан жоқ. Сол ақшаның бір бөлігін осы ауылдарға жұмсау қажет. Тал-дарақтар егіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс,

—дейді қоғам белсендісі Ихтияр Мурзахметов.

Кәсіпорын тарапынан бөлінетін қаражаттың жұмсалуы бойынша ЭК редакциясы жергілікті әкімдікке ресми сауал жолдады. Әкімдік өкілдері бұл сұраққа жуық арада жауап болатынын айтады.

Химиялық қалдықтарды сол жерге жинауға кәсіпорынның 2025 жылға дейін рұқсаты бар екен. Одан кейін төбесін топырақпен жауып, көпжылдық өсімдіктер егілуі тиіс. Ал зауыттан шығатын қалдықтар болашақта қаладан 20 шақырым қашықтықтағы арнайы полигонға жеткізілетін болып шешіліпті. Ал оған дейін сол маңдағы тұрғындарға шыдаудан басқа амал қалмай тұр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров