Көкпар

Қазақ қыздары көкпар тартқан ба?

Ержан ШАЙЖАН

Әлеуметтік желіден

Қазақтың ұлттық ойыны көкпарға қыздардың араласуы соңғы кезде жиі кездеседі. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда ұйымдастыралатын додаларда салым салып, елдің алғысын алып жүрген палуан қыздар көп.

Көкпар шапқысы келетіндердің арасында өзге ұлттың қыздары да бар, деп хабарлайды Экспресс К.

Қыздардың көкпар шапқаны дұрыс па, бұрыс па? Осы сұраққа келгенде қоғамның пікірі екіге жарылады. Бірі ата салтымызда қыз баланың додаға кіруі болмаған десе, енді бірі тарихта атой салып бұл спорт түрін меңгерген қыздар жетерлік дейді. Осыған қатысты Экспресс К зиялы қауым өкілдерінің пікірін білді.

Дулат Исабеков, Жазушы: Қазақта қыздардың көкпар шабуы болмаған. Жеке-жеке атқа шапқан шығар, садақ атқан шығар, бірақ еркектермен қосылып көкпар шаппаған. Әйел көкпары деген қазақта ұғым жоқ. Жалпы өз басым қыздардың күштік спорттың түрлеріне қатысуға қарсымын. Осындай спорттың түрлеріне тыйым салудың жолын қарастыруымыз керек. Теледидардан қарасаң ережесіз жекпе-жек, күрес, бокс, зіл темірдің барлығында қыздар қаптап жүр. Соларды боксқа, күреске, штангіге салмай-ақ, алтын алмай-ақ қойсақ қайтеді деген ойым бар. Әсіресе мына ережесіз жекпе-жекте әп-әдемі қыздар беттері қан-жоса, жығып алып, ұрып жатқанда, осы жүгіріп барып ажыратып жібергім келеді.

Дулат ИсабековДулат Исабеков
Дулат Исабеков

"Қыздарды жұлыстырып қою не масқара бұл?! Осылардың барлығына тыйым салу керек. Мына Совет үкіметі кезінде өлең айттық қой "Оңтүстікте ақ мақта, Түсі қардан аппақ та. Мақта терген сұлу көрсең, Жетерсің зор мақсатқа"- деп. Кәні жеткені?! Азаннан кешке дейін мақта терген қызда қайбір әдемділік, қайбір нәзіктік қалады. Одан қалды тракторшы қыздарды мақтады. Осының барлығы әбестік болды ғой. Сондықтан біз қыздарымызды қорламауымыз керек. Қыздардың өзінің жолы, өзінің спорты бар, табиғатына лайықты спорттың түрлері көп қой. Көкпардың ордасы Оңтүстікте өмір сүріп келдім, бірақ қыздардың көкпарға шабуы дегенді өз басым естіген жоқпын. Мен баяғыда мынау Колбиннің кезінде 1987 жылы 8 наурызға қарсы баяндама жасадым. Ол кезде қалалық партия комитеті сөзіңді оқып, түзеп беретін. Сонда менде сөз бар еді "қазір мына мақта терген қыздарды, трактор айдаған қыздарды мақтауды тоқтапасақ, күндердің күн қыздар боксқа, штангіге қатысатын шығар" деген. Сол сөзімді сызып тастады. Ал сол сөзім қазір айдай кеп тұрған жоқ па?!", — дейді жазушы.

Бақыт Беделхан, Ақын: Қазақ қыздарды арнайы көкпарға салмаған. Бірақ еркекшора, батыр қыздар көп болған көкпар шабатын. Бұл арнайы көкпар шауып кету емес. Той-томалақта қызық үшін, қыздар гу еткізіп, серкені сүйреп алып кеткен кезде жігіттердің намысын ояту үшін қыздарды додаға салып қызықтыратын. Әйтпесе, тарихта арнайы көкпаршы қыз дайындаған деген жоқ. Бірақ аттың үстінде жүріп, аттың құлағында ойнаған талай қыздар қолына найза ұстап, жауға шапқаны рас.

Бақыт БеделханБақыт Беделхан
Бақыт Беделхан

"Көкпарға шабу деген — соғысқа дайындық қой. Сауыт киген, аттың үстінде жүрген қанша қыздарымыз бар. Солар көкпар тарта алмайды деп ойлайсың ба? Мысалы көкпар тарта алмаса, кешегі Томирис, Бопай батыр, Зариналар қайдан шықты? Солар не көкпар тарта алмайды дейсің бе? Мәншүк, Әлиялар автомат, техникалармен соғысты. Ал басқа соғыс болғанда олар да атқа мініп, көкпар тартатын еді. Қазір қыздар көкпар тартамын десе, мен ырзамын. Қыздарымыздың сондай рухты болғанын мен қолдаймын", — дейді ол.

Ахмет Тоқтабай, Этнограф: Қытайдағы Алтай қазақтары арасында қаздардың көкпарға шапқаны болған. Жаппай емес, ара-тұра нәзік жандылар бұл спортта кездескен. Мен сол жақта экспедицияда болғанда сондай деректерді жолықтырдым.

Ахмет ТоқтабайАхмет Тоқтабай
Ахмет Тоқтабай

"Ал қазақта арнайы қыздар командасы болып көкпар тарту деген болмаған. Қазақтың ата салтында көкпар ерлер ойыны. Бірақ білекті, жігітке бергісіз қыздар көп қой. Жігіттердің ішінде қыздар да жүрсе ештеңе етпейді. Өйткені бұл ойынға кезінде қыздар қатысқанын біліп, соған көзім жетіп отыр ғой. Қыз балалардың ішінен барымтаға да шыққандар бар. Барымта ол көкпардан да қиын шаруа. Сондықтан ойбай қыздар көкпарға қатысып жатыр дегенге аса таң қалудың қажеті шамалы. Оған тыйым салудың қажеті жоқ", — дейді этнограф.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров