Ақтау

Ақтауда жырға айналған "Гүл алаңы" орнатылмайтын болды

Есен ҮРКІМБАЙ

© ЭК

Ақтаудағы былтырдан бері жырға айналған "Гүл алаңы" жобасы жүзеге асырылмайтын болды. Құны 15 миллион теңгені құрайтын алаңды қала тұрғындары сынға алып, оның келбетінің ұсқынсыз екені бірнеше рет талқыға түскен еді.

2021 жылы қалада "Әткеншек", "Заманауи киіз үй" секілді кіші сәлет нысандарын орнатумен қатар "Жұлдызды аспан" және "Гүлдер алаңы" жарықтандыру инсталляциялары жасалған, деп хабарлайды Экспресс К.

Алайда,жобалардың көпшілігі аяқталғанымен "Гүлдер алаңын" орнатудың соңы дауға айналды. Бағасы15 миллион теңге болатын алаң бірнеше рет қайта жөнделіп, ақыр соңында орнатылмайтын болды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Clover media group" серіктестігі қолға алған "Гүл алаңындағы" болуы тиіс гүлдердің ұсқынын көпшілік бірден сынға алды. Тіпті былтыр Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да көңілге қонымды емес екенін мәлімдеді. Әкім өз сөзінде, мердігер компания ұсынған алдын ала ұсынған жобада бәрі басқаша болғанын айтқан.

2021 жылдың қараша айының соңындағы "Гүл алаңының" келбеті фото ЭК2021 жылдың қараша айының соңындағы "Гүл алаңының" келбеті фото ЭК
2021 жылдың қараша айының соңындағы "Гүл алаңының" келбеті фото ЭК

Ақтау қаласының орталық алаңында орналасқан пластик гүлдер тұруы тиіс алаңның жұмысы аяқталмағандықтан қаржысы уақытында төленбеген-тін. Сол себепті, орнатылған алаңның жұмысы бірнеше рет қайта жөндеуден өтті. Алайда сапасыз болғандықтан ба, алаңсыз астында жасыл алаңнан бірнеше рет ақау шыққаны туралы бейнежазба әлеуметтік желіні кезіп кеткен.

Негізінен Ақтаудағы "Гүл алаңының" дауы былтыр тамыз айында басталған. Алайда сынға ұшырап, аяқсыз қала берген жобаны осы жылдың басында аяқталады деп көпшілік күткен-тұғын.

Қаңтар айының басында елімізде жаппай наразылық шаралары өткенде Ақтаудағы алаңның бастапқы нұсқасын адамдар басып, үстінде сырғанаған жағдайлар болды. Араға уақыт салып, мердігер мекеменің неліктен жұмысын толық аяқтаудан бас тартып, құрылғыларды жинап алып кеткені түсініксіз. Ал Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бұған қатысты пікір білдіру үшін ресми хат жолдау керектігін айтып отыр.

Ақтауда митинг кезіндегі "Гүл алаңы", қаңтар айы. ЭКАқтауда митинг кезіндегі "Гүл алаңы", қаңтар айы. ЭК
Ақтауда митинг кезіндегі "Гүл алаңы", қаңтар айы. ЭК

Былтыр Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев "Әкімдіктің талабынан шықпаған жағдайда жобаны қабылдамаймыз" десе, мердігер мекеменің техникалық директоры Олжас Нұрланов "қызғалдақтардың сапасы сын көтермесе, еш қаржы алмастан "Гүл алаңын" жинап әкетеміз" деген еді. Мердігер мекеменің жұмысының аяқсыз қалуына қарағанда сапа жағынан көңілден шықпаған сияқты.

Әзірге бұл орынға алда қандай нысандар қойылатыны белгісіз. Ал қала жұрты бұрынғыша табиғи гүл өсетін алаңқайлар болады деп үміттенеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров