Веложол

Шымкентте пайдалануға берілгеніне бір жыл болмаған веложол опырылып қалды

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Шымкентте әуежайға апаратын жаңа веложолдың бір бөлігі опырылып қалды.

Ойдым-ойдымы шыққан веложолдың видеосы желіде тарап, тұрғындардың наразылығын тудырды. Шұңқыр боп қалған веложолдан аяқжолға да зақым келген, деп хабарлайды Экспресс К.

Видеодан кадрВидеодан кадр
Видеодан кадр

Әуежайға апаратын жаңадан салынған жол 2021 жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болады. Оған қазынадан 1,6 миллиард теңге жұмсалған. Бұл қаржы төрт жолақты жол, веложол, тротуар, аялдама салу жұмыстарына жұмсалған. Ал тек веложолдың өзіне 18 миллион теңге кеткен. Қазір веложолдың 628 метрінің ойдым-ойдымы шыққан.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов оның опырылып түсуіне кәріз жүйесін салған мердігер "ЭнСаф" ЖШС кінәлі деп отыр. Енді аталған компания жолды өз қаражаттарына қалпына келтіреді. Бұл туралы әкім орынбасары брифингте мәлімдеді.

"4,5 шақырым жолдың 1,5 шақырымын салып жатқанда бізбен қабаттасып "ЭнСаф" ЖШС "Қызылжар" елді мекеніне кәріз жүйесін тартқан. Өздеріңіз білесіздер, кәріз жүйесін тартатын кезде алдымен жерді қазып, кейін құбыр жүргізеді. Сосын топырақты нығыздап, қайтып көму керек. Оны арнайы лаборатория тексереді. Мердігер мекеменің лабораториялық сынамаларында жол салатын жер қабатының тығыздығы сай екені анықталған. Осының негізінде "Корпорация Береке А" ЖШС жол құрылысын жүргізген. Сондықтан оны төсеген компанияның кінәсі жоқ. Кәріз жүргізген компания жолды қалпына келтіреді. Оларға бір ай уақыт берілді. Егер ретке келтірмесе, сотқа береміз", — деді әкім орынбасары Мақсұт Исахов.

Жол салған компания құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиева кәріз жүйесін жүргізу бойынша тендерді "ЭнСаф" ЖШС емес, "BI Group" компаниясы ұтып алған деп отыр. Өйткені оны төсемес бұрын аталған компаниядағылардан кепілдік міндеттеме алған екен.

"Ол біздің кінәміз емес. Себебі канализация жүргізген компания топырақты нығыздау жұмыстарын дұрыс істемеген. Біз оларға "дұрыс істемей жатырсың" дегенде тыңдамады. Сосын ертең жолға бір нәрсе болса, қалпына келтіруді мойныңа аласың деп кепілдік міндеттемені алдық. Кепілдік міндеттемі олар тиісті басқармаға да берген. "ЭнСаф" ЖШС дегенді білмейді екенмін. Кәріз жүргізу бойынша тендерді ұтып алған "BI Group" компаниясы. Біз кепілдік міндеттемені солардан алдық. Ал жұмысты кім орындағанынан хабарым жоқ екен, олар субмердігер мекемеге берген боп тұр ғой",— деді Рәшкүл Оспанәлиева.

Жол салушы компания құрылтайшысы әкімдіктегілер о баста жобаны бекітерде қателік жасаған деп отыр. Өйткені кәріз жүйесі немесе су құбырлары жүргізілген соң топырақ кемінде бір жыл нығыздалып жатыу керек. Содан соң ғана жол салуға болады. Алайда қаладағы кейбір басқармаларда өзара байланыс жоқ.

Рәшкүл Оспанәлиева опырылып түсіп қалған веложол туралы ақпаратты алғашқылардың бірі болып таратқан журналист Михаил Козачовтан жария еткен ақпаратын теріске шығаруды талап еткенін алға тартты.

"Біз журналистке ақпаратты теріске шығару туралы хат жібердік. Егер орындамаса, сотта кездесеміз. Өйткені мәселенің анық-қанығына жетпей жатып ақпарат жазып отыр. Ол біздің компания репутациясына кір келтіріп отыр", — дейді құрылтайшы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров