Жол

Ақтөбеде оқушылар мектепке балшық кешіп барып жүр

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Күн жылынғалы Ақтөбенің көшелері мен көп қабатты үйлердің аулалары суға толып, балшыққа айналды. Кейбір ықшамаудандарда тіпті жүру мүмкін емес.

Қаладағы осы көріністі тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Мәселен, instagram-дағы aktobe_tv04 парақшасында жарияланған видеода мектеп оқушылары суға түсіп кетпес үшін темір қоршауға мініп, соның бойымен өтіп жатыр. Видеоның астына "балаларымыз мектептен осылай қайтады" деп жазылған. Бейнежазба орталықтағы Тургенев көшесінде түсірілген.

Сондай-ақ Мәскеу ықшамауданында мектеп оқушыларының балшық кешіп жүргенін тұрғынның бірі видеоға түсіріп алыпты. Бейнежазба авторы жағдайдың қиын екенін айтады.

Масқара, бұған кім жауап береді. Мектептің алдын қараңдар, балалар балшық кешіп жүр. Бұған мектеп пен оқушылар кінәлі емес. Бұған Астана ауданының әкімі кінәлі,

— дейді ашынған жазба авторы.

Тек Мәскеу емес, қаланың шет аумақтарындағы ахуал осындай. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын су басып жатыр. Тұрғындар жұмысқа барып келген сайын су кешеді.

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Дәулетовтің айтуынша, су сору жұмыстары тәулік бойы, үздіксіз жүргізіліп жатыр. Мәселен, Мәскеу ықшамауданындағы көшелердің суын сору үшін күніне 20-25 машина жұмылдырылады.

Су тасқынына қарсы штаб тұрғындардан түскен тапсырыс бойынша жұмыс істейді, яғни жеке сектор мен көшенің, елді мекендердің суын сорады. Әсіресе, Заречный, Жаңақоныс, Қызылжар, Оңтүстік батыс, Рауан ықшамаудандарынан хабарласатындар көп. Соңғы тәулікте 200 адам телефон шалған. Ал көпқабатты үйлердің аулаларындағы суды тазарту — пәтер иелері кооперативінің міндеті.

Су сору жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Биыл қар мол түсті. Егер күн күрт жылынар болса қала маңындағы Құршасай, Қызылжар ауылдарында сәл қиындық тууы мүмкін. Себебі тоң қалың,

— деді Серік Дәулетов.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров