Су тасқыны

Ақтөбеде арықтың суына құлап кеткен қыз бала өлім ауызынан қалды

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Ақтөбеде еріген қар суы толы арыққа құлап кеткен қыз бала бір ажалдан қалды.

Суға құлаған баланың видеосы instagram-дағы mamochki_aktobe және zello_aktobe.04 парақшаларында жарияланды, деп хабарлайды Экспресс К.

Бейнежазбада жасөспірім бала ағып жатқан арықтың суына құлап кетеді. Орынынан тұра алмай, бата бастайды. Бұны көрген әйел адам қолын сермеп, айналасынан көмек сұрап жатыр. Абырой болғанда жақын маңда жүрген жігіттер көріп қалып, көмекке келді. Бес-алты жігіт жабылып жүріп баланы әрең шығарып алды. Тіпті жігіттердің бірі судың салқындығына қарамастан жалаң аяқ кешіп жүр.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаның астына оқиғаның қаланың Батыс-2 мөлтек ауданында болғаны және суға құлаған 12 жастағы қыз бала екені жазылған.

Әлеуметтік желі қолданушылары жазба астында түрлі пікір қалдырды. Бірі "қашанға дейін шыдауға болады", "мынау масқара ғой", "көшелерді су басып жатыр" деп жергілікті билікке өкпе-реніштерін айтса, енді бірі баланың аман қалғанына шүкіршілік еткен.

Соңғы тәулікте Ақтөбеде күн күрт жылынып, көшелерді су басты. Қазір қаланың шетіндегі мөлтек аудандарда жүру мүмкін емес.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров