Діни басқарма

Исламда біреуді алдап әзілдеуге, пранк жасауға рұқсат етілген бе?

Олжас НҰРЖАҚЫП

Pixabay

Бүгінде қоғамда түрлі әзілмен пранк жасау, адамдарды алдап қорқыту сынды жайттар жиілеп кетті. Тіпті әлеуметтік желіде халықты қызыққа батырамын деген мақсатта кей азаматтар түрлі бейнежазба түсіріп әлек.

Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл әрекеттің үкімін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Діни басқарма "Пранк" деп адамды ыңғайсыз әрі орынсыз жағдайға қою, алдау мақсатында әзілдеу дегенді алға тартқан. Сол себепті қоғамда мұндай әзіл-қалжың өткізіп, ұйымдастырып жүрген пранкерлердің (әзілқой) әрекетіне мынадай шешім айтыпты.

Әзіл-қалжыңдардың көбі басқаларды қорқыту немесе таңғалдырумен байланысты. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына, отбасылық, достық, туыстық қарым-қатынастарға зиянын тигізеді. Сондықтан Ислам дінінде өзге адамды қорқытуға рұқсат етілмейді,

— делінген мәліметте.

Осы мақсатта мұсылман адамның басқа мұсылманды қорқытуына болмайтынын, қалжыңдаса да, өтірік айтпауы керек екенін алға тартқан.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: "Ақиқатында, біреуді келеке еткен адамдарға жәннаттың қақпаларын ашып, олардың біріне: "Мұнда кел", — дейді. Уайымдап қақпаның жанына жеткенде, оны жауып тастайды. Сосын басқа қақпаны ашып: "Тезірек мұнда кел", — деп оған шақырады. Қайғырып қақпаға жақындағанда, оны тағы жауып тастайды. "Мұнда кел" деген сөзді естіп, ашық тұрған қақпаға барудан бас тартпайынша, осылай жалғаса береді" (Ибн Әбу Дуния).

Осылайша қоғамдағы пранкерлердің әрекетіне баға беріп отыр. Демек алдау, қорқыту, пранк жасауға исламда рұқсат етілмеген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров