ERG

Тау-кен байыту комбинатының алғыр конвейер машинисті өз тәжірбиесімен бөлісті

Арайлым ҒАНИ

© Болатбек КӘКІМ

Анар Есмұрзаға өндірісте жұмыс істеген ұнайды.

Ол ERG құрамындағы "Қазхром"ТҰК" АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді, деп хабарлайды Экспресс К.

Анасына қарап инженер болуды қаласа да, туған өлкесіндегі кәсіпорынға келген бойжеткеннің алдында конвейер машинисі деген кәсіп күтіп тұрды. Өзіне таңсық кәсіпті табысты еңбек жолына айналдырып келе жатқан Анар Есмұрза ERG құрамындағы "Қазхром"ТҰК" АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Кендерді байыту және кесектеу фабрикасының конвейер машинисі асқақ армандардың иесі атанғысы келеді.

Қазір Анардың жасы жиырма үште. Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі. "Металлургия: техник-технолог" мамандығын тәмамдаған. Ол бұл мамандықты өзінің жүрек қалауымен таңдаған болатын. Себебі отбасының барлық мүшелері комбинатта еңбек етеді. Анасы — комбинаттың технологиялық зертханасында инженер, әкесі — "Дөң" кенішінде бұрғылау қондырғысының машинисі, ал ағасы — темір жол цехында диспетчер, қазіргі таңда ERG Way навигаторы болып жұмыс істейді. Өндірістегі әйел адамының үлгісін үйінде көріп өсті. Анасы секілді инженер болуды армандаған баласына ана жүрегі қуанып, кеңесін де берген еді. Сынақтан жоғарғы ұпай жинап, грантпен өзі қалаған оқу орнына түсті. Қоғамдық шараларға қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланған Анардың осы қасиеті бүгінде өндірісте өзіне пайдасын тигізіп келеді.

Алайда, мамандығы бойынша инженер қызметіне жұмысқа тұрғысы келген қызметкердің алғашында комбинат — шағын ұжым, тек қана өндірістік процестер, ең қызығы — "конвейер машинисі" дегеннің өзіне түсініксіз кәсіп түрі болғанын жасырмады.

"Қолымда дипломым. Көп ұзамай инженер болып жұмысқа тұрамын" деген алып-ұшқан бала көңілмен келгенім әлі есімде. Цех басшысы мені қабылдап, инженер болу үшін фабрикада тәжірибе жинақтап алу керектігін, сол себепті конвейер машинисі қызметінен бастау керек екенін айтты. Келіспедім. Сол кезде кішкентай нәрседен үлкен дүниелер жасалатынын түсінбеппін, Бірақ, үйге келіп ойланып, ата-анаммен ақылдасып қайта бардым. Сөйтіп осыдан бір жарым жыл бұрын менің өндірістегі еңбек жолым басталды", — дейді Анар Есмұрза.

Қазір Анар — кен байыту және кесектеу фабрикасының ең белсенді қызметкері. Жұмысынан бөлек, кәсіпорынның Жастар кеңесі сапында, цехының спикері. Фабрикадағы кайдзен командасының мүшесі. Дөң тау-кен байыту комбинатының қоғамдық шараларын Анарсыз елестету қиын. Ол қолы қалт етсе тәтті тоқаштар пісіруді жақсы көреді. Кітапты да көп оқиды. Тіпті жүзу — оның сүйікті хоббиі. Өткен жылы ғылыми-техникалық конференцияға қатысып, бағын да сынап көрді. №2 шекемтас өндіру учаскесінің басшысы, тәлімгері Диас Елдестің жетекшілігімен "Ленталық конвейерді басқару жүйесі" атты жобасын ұсынды.

Анар учаскеде шамамен 20-дан астам конвейер болса, солардың ішіндегі барлық технологиялық процестерін бақылап, кен мен дайын өнімнің позицияларына жауап береді. Анар үшін бұл — жаңа тәлім. Ал ең бастысы, ол өзіне жаңа достар тапты.

Комбинат — менің ортам екен. Жаңа таныс, әріптестер. Өзім қатарлы жастармен араласа бастадым. Комбинатқа қайтып келгенім үшін еш өкінбеймін. Жан-жақты тәжірибе жинап жатырмын. Расымен де, мұнда үйренерім көп екен,

— дейді Анар.

Өзінің білімін, алғырлығын дәлелдеген конвейер машинисі "Жас маман" мәртебесіне лайықтап алды. Ынта, ниет, құлшыныс болса, адамның қолынан бәрі келеді. Анардың бойында осының бәрі бар. Биыл жылдағы дәстүр бойынша ERG үздік қызметкерлердің аналарын құтықтады. Сол тізімде Анардың анасы да бар. Білімімен, белсенділігінің арқасында үздік қызметкер атанып үлгерген бойжеткеннің анасына кәсіпорын жетекшілігі Алғыс хат табыстады.

Осы жаңалықты естіп қатты қуандым. Ал анамның көзінде қуаныш, маған деген мақтаныш сезімі тұрды. Бұл мені әрі қарай қанаттандырды,

— дейді кейіпкер.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров