Алматы облысы

Алматы облысы қалай екіге бөлінетіні белгілі болды

Олжас НҰРЖАҚЫП

t.me/pressAlmatyregion

Бұл мәселе облыс мәслихаттың кезектен тыс сессиясында талқыланды. Жиында сөз алған өңір басшысы Жетісу және Алматы облысы аумағына қанша елді мекен кіретінін және бұл жұмыстар қалай жүзеге асатынын айтып берді.

Бұл іспен айналысатын арнайы комиссия құрылған, деп хабарлайды Экспресс К.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында сөйлеген Қанат Бозымбаев жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағына 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, ал Алматы облысының аумағында 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала енетінін айтты.

Арнайы комиссия жұмысын бастады. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару процесін оңтайландырады, азаматтардың облыс орталығына келіп-қайтуын жеңілдетеді, ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді,

— деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схемалық карта дайындалып, Қапшағай қаласының жаңа бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр.

Әрі қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін объектілерді айқындау жұмыстары басталған. Оның ішінде көшуге байланысты шығындарды: қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау және басқа да шығындарды қаржыландырудағы бірқатар проблемалық мәселелерге есептеу жүргізіліп, республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім берілмек.

Алматы облысында соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есеге өскен. Ал облыс бюджеті 2001 жылы 21 миллиард теңге болса, 2021 жылы 830 миллиард теңгеге дейін ұлғайып отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров