Су тасқыны

Түркістан облысында мазарат құлап, мүрделер суға ағып кетудің шақ алдында тұр

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы Сүлеймен ата мазаратына қауіп төніп тұр. Өйткені бейітке жақын орналасқан "Тәуелсіздікке 20 жыл" каналы жыл өткен сайын тозығы жетіп, жан-жағы опырылып қалған.

Ынтымақ ауылдық округінің халқы бұл мәселені 10 жылдан бері көтеріп келеді екен. Алайда нәтиже жоқ. Енді олар жерленгендердің сүйегі сумен ағып кетеді деп қорқады. Бұл туралы ашынған халық Экспресс К тілшісіне айтып берді.

Жетісай ауданында орналасқан бұл канал 2011 жылы пайдалануға берілген. Насостық станциясы бар каналға республикалық қазынадан 13,4 миллиард теңге жұмсалған. Алайда бүгінде оның екі ернеуі құлап, жарқабақтанып кеткен. Соның салдарынан арнасы кеңейген. Ені 25-30 метр болған каналдың ені бүгінде 80 метрден асып түскен. Су жан-жағындағы асфальт жолдарды шайып әкетіп, енді мазаратқа қауіп төніп тұр.

Осылай деген тұрғындар мазарат түбінде бас қосып, жергілікті биліктен мәселенің шешілуін талап етті.

"Тәуелсіздікке — 20 жыл" каналы (машиналық канал) шаруалар үшін маңызды. Өзбекстан Достық каналына су бермей қойғанда, осы каналға Сырдариядан әкелінген су сол Достыққа құяды. Негізі о баста бұл жоба дұрыс жерге салынбапты. Бұл жерде бұрын коллекторлық фильтр болған. Оның орнына каналды сала салған. Оны бізге "ҚазСушардың" өкілдері айтты. Тіпті жоба жеңіл қарап, қабылданып кеткен екен. Енді соның зардабы тиіп отыр", — деді Ынтымақ ауылдық округі, Үшкөпір ауылының биі Нұралы Рахымбердиев.

Ауыл биі өз сөзінде жергілікті халық бұл мәселені 10 жылдан бері айтып келе жатқанын алға тартты.

"Каналдың екі шеті опырылып, мазаратқа жақын қалды. Ертең сүйектер ағып шықпасына кім кепіл? Жерленгеніне бір жыл толмаған мүрделер жатыр. Былтыр коронавирустан қаншама адам қайтыс болды. Ертең солардың сүйектері сумен ақса, жұқпалы ауру тарап кетуі мүмкін ғой. Мазараттың 80 жылдық тарихы бар. Қаншама адам жерленген. 10 жыл болды осы мәселені көтеріп келе жатқанымызға. Ол кезде каналдың арнасы бұлай кеңеймеген еді. Енді бейітке тақалып қалды..." –деді Ынтымақ ауылдық округі, Үшкөпір ауылының биі Нұралы Рахымбердиев.

Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов канал коллектрлі сүзгі болғанын растады және оны бұл жоба қалай мақұлдаудан өткені күмәнді деп отыр.

"Каналды салудағы мақсат — ағын су тапшылығы кезінде Достық каналына су жіберу. Каналдың екі жақтауы опырылған. Оның үстіне биыл жауын көп болды. Канал негізі ауданның балансында емес, "ҚазСушарға" қарайды. Біздің қолымыздан келетіні жыл сайын топырақ тастап, кедергі жасау. Шу көтерген халыққа мазарат жаққа қарай осы 1-2 күнде топырақ тастаймыз деп уәде бердік. Халық неге бетон қоймайды дейді. Кезінде бетон қойылған, 5-6 жыл бұрын судың ағысы қатты болғанынан жұлып әкетті. Экология министрлігі қаншама рет ауысты. Барлығына проблеманы жеткізіп отырмыз. Жаңа жоба жасатамыз деп уәде беріп келеді", — деді аудан әкімінің орынбасары.

Шенеунік осыдан бірнеше жыл бұрын 6,5 миллиард теңгеге жаңа жоба жасалынып, бірақ мақұлданбай қалып жатқанын айтты. Қаржы қаралғанша топырақ тастап амалдауға тура келеді деп отыр.

Мазаратқа алаңдаған халықтың мәселесін жергілікті депутаттар да қолдап отыр. Тұрғындар жанайқайын айтып, Парламент Мәжілісіндегілерге хат жолдады. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат әзірлеп отыр екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров