Су тасқыны

Ақтөбе облысында су тасқынынан бірнеше ауыл қатынассыз қалды

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Соңғы аптада Ақтөбе облысында ауа-райы күрт жылынды. Соның салдарынан Ақтөбенің көшелерін су басты. Бірқатар аудандарда жол, көпір бұзылып тұрғындар қатынассыз қалды. Қазір өңірдегі ахуал қандай?

Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Экспресс К.

Күннің күрт жылынуына байланысты қар жылдам еріп жатыр. Соның салдарынан бірқатар аудандарда қиындықтар туындады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, екі республикалық, екі облыстық және алты аудандық маңызы бар жолдарды су шайып кеткен.

Осыған байланысты Қобда, Байғанин аудандарындағы бірқатар ауылдарда қатынас тоқтаған. Қайрат Қасым өңірде төтенше жағдай режимін жариялауға негіз жоқ екенін, жұмыс жүргізіліп жатқанын, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Қатынас үзілген елді мекендерде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қоры жеткізілген. Ауылдарға төніп тұрған қауіп жоқ.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, қалада судан құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Су тасқынына қарсы штаб 25 наурызда жұмысын бастаған. Штабта 26-03-25, 24-95-97 телефондары тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін 1150-ден астам қоңырау келіп түскен. 81625 м3 еріген қар суы сорылған. Қала көшелерін судан тазарту үшін 110 ассенизатор машинасы жұмылдырылыпты.

Алайда күн күрт жылынғандықтан қаланың бірқатар мөлтек аудандарына қауіп төнді. Мәселен, қала маңындағы Қуралы, Өрлеу, Ақшат ауылдары мен Геофизик саяжайында бірнеше үйді су басты.

Қаланың орталық көшелерінде де су сорғызылып жатыр. Соңғы тәулікте Батыс-2 мөлтек ауданының бірқатар көшелерін су шайып кетсе, Есет батыр мөлтек ауданында да тұрғындар су кешіп жүр. Олар жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатыр. Әкімдіктен ешқандай көмек болмағанын, қоңырау шалса ешкімнің жауап беремейтінін айтады.

Қала әкімінің айтуынша, қазір жағдай бір қалыпты. Бірақ әлі де қауіп бар. Босаңсуға болмайды.

Қала бойынша жауапкершілік менің мойнымда. Сондықтан әрбір кемшілік үшін өзім жауап беремін. Ал жаңа аудандарға келер болсақ, инженерлік құрылыс жұмыстары толықтай біткен жоқ. Жобаны жасап жатқан компания жобаға өзгерістер енгізді,

— деді әкім.

Сонымен қатар, әуежай аймағындағы жасанды бөгет жарылған. Бүгінгі таңда бөгет қайта қалпына келтірілді. Тұрғын үйлерге төніп тұрған қауіп жоқ. Қала әкімі жағдайдың бақылауда екенін айтты.

Облыста екі ауылдың тұрғындары қайықпен қатынап жүр

Қобда ауданындағы Сарбұлақ, Өтек ауылдарының халқы аудан орталығымен байланыса алмай отыр. Қатты келген су көпірден асып кеткен. Аудан әкімі Болат Құловқа хабарласып, жағдайды білдік. Оның айтуынша, судың осылай мол келуі 4-5 жылда бір қайталанады.

Сарбұлақ ауылының маңында кезекшілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қайықтар дайын. Азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткілікті. Кеше науқастанған бір кісін қайықпен өткізіп, аудан орталығына жеткіздік. Ауылда жүкті әйелдер жоқ. Барлығы бақылауда,

— деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, кеше осы ауылда тасыған судың деңгейі көтеріліп электр станциясына жетіп қалған. Сондықтан өрттен қауіптеніп, жарықты өшірген. Бүгін таңда энергия қайта беріліпті.

Өтек ауылындағы жағдай да тұрақты. Қайықтар дайын тұр. Аудан әкімі алдағы екі-үш күнде судың деңгейі түсетінін айтады. Жалпы судың ауыл ішіне кіру қаупі жоқ. Көпірлердің барлығы ауылдан 2-3 шақырым жерде. Аудан әкімі ауылдар барлық қажетті жанар-жағармай, өзге де қажетті материалдармен қамтылғанын айтты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров