Су тасқыны

Балаларды көтеріп судан өткізген ақтөбелік жігіттің әрекеті көпті сүйсінтті

Кәмшат ҚОПАЕВА

Соңғы екі тәулікте Ақтөбе қаласының көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларын су басты. Тұрғындар баратын жеріне әрең жетіп жүр. Бір біріне көмектесіп, судан өткізіп жүрген ақтөбеліктердің ішінде батырға айналғандары бар.

Әлеуметтік желіде аяғына резеңке етік киіп, тұрғындарға көмектесіп жүрген жігіттің әрекеті көпшілікті сүйсінтті, деп хабарлайды Экспресс К.

Видео aktobe Zello парақшасында жарияланды. Аяғына резеңке етік киіп алған жігіт көшенің ортасында судан өте алмай тұрған адамдарға көмектесіп жүр. Үлкендерді қолынан ұстап өткізіп жіберсе, балаларды көтеріп алып құрғақ жерге шығарады.

Елгезек жігіттің әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленді. Бірі "Алла разы болсын! Жарайсың!", "Боти киген жігітке ризамын, осылай бір бірімізге көмектесуіміз керек" десе, енді бірі "Ақтөбе Венецияға айналды. Жылда көретін күніміз осы" деп жергілікті билікке ренішін жазған.

Көшедегі судан өту үшін ақтөбеліктер түрлі тәсілді қолданып жатыр. Бірі қолдарына ағаш, тақтай алып жүрсе, енді бірі қақпаларға мініп, соның бойымен жағалап судан өтеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров