Судья

Мемлекет судьяларға 149 миллион теңгеге екі пәтер сатып алмақ

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мемлекеттік сатып алулар порталына 2 лот жариялады.

Оған сәйкес Алматы қаласында судьялар үшін 4 бөлмелі екі пәтер сатып алынбақ, деп хабарлайды Экспресс К.

Еліміздегі Жоғарғы Соттың жанында Жоғарғы Соттың аппараты деген мемлекеттің орган бар. Оның мақсаты — Жоғарғы Сот пен облыстардағы соттарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету.

Міне осы мекеме мемлекет есебінен 149 миллион теңгеге 4 бөлмелі екі пәтер сатып алмақ. Техникалық құжаттарға сәйкес, пәтерлер Алматының "алтын шаршысына" жақын жердегі Қонаев-Байтұрсынов-Төле би-Райымбек көшелерінің аумағында 15-қабатты үйде болуы керек.

Құны 66 миллион теңге тұратын бірінші пәтерге жарияланған конкурс аяқталды. Тендер бойынша тек бір өтініш түскен. Қазір оның қорытынды хаттамасы жасалып жатыр. Ал 83 миллион теңгеге жарияланған екінші тендерге өтініш қабылдау 30 наурызда басталып, 29 сәуірге дейін жалғаспақ.

Жоғарғы Сот аппаратының талабы бойынша, пәтерлерде кем дегенде екі балкон болуы тиіс. Сондай-ақ 4 бөлмелі пәтердегі тұруға жарамды жердің ауданы 70,0 шаршы метрден кем болмай, ас үйдің ауданы 12 шаршы метр болуы қажет.

Осы сатып алуларға қатысты Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Олардың айтуынша, мұндай шаралар еліміздегі судьялардың тәуелсіздігі үшін жасалады.

"Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" заңының 51-бабына сәйкес, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi,

— деп түсіндірді Жоғарғы Сот.

Біз бұған дейін сот жүйесінде тәжірибесі жоқ адам Жоғарғы соттың судьясы болып қалай сайланғаны туралы да жазған едік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров