Рамазан

Оразада есте ұстайтын ең маңызды 10 қағида

Олжас НҰРЖАҚЫП

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Қасиетті Рамазан айы басталды. Ораза – мұсылманның бес парызының бірі. Нәпсіні тыйып, тақуалыққа жетелейтін Рамазан айы 2 сәуір күні басталып, 1 мамырда аяқталады.

Экспресс К Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан оразада есте ұстайтын ең маңызды қағидалар туралы мағлұмат алды.

1. Ораза қазасы немесе қарызы

Белгілі себептермен оразасын бұзған азаматтар міндетті түрде қаза болған күнді өтеуі керек. Бұл жерде қарыз күндерді үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп немесе тоқтаусыз әр күні ұстай алады. Бұл жерде ескерер нәрсе, келесі Рамазан айына дейін өтей алмаса, онда келіп тұрған ораза айында ауыз бекітеді. Мұнан кейін қарыздарын өтейді. Кешіктіргені үшін айып төлемейді. Егер қарызы болған мұсылманның ажалы таяп қалса, онда ол артында қалған малынан фидия беруді өсиет ете алады.

2. Фидия дегеніміз не? Ол қалай есептеледі?

Фидия беру — бұл өлер алдында қаза болған оразасының өтемі. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының оразасы үшін марқұмның мұрагері әрбір күнге бір міскінді 1 келі 625 грамм болатын бидай не 3 келі 25 грамм болатын арпа не құрмамен тамақтандыруы керек.

3. Оразасын әдейі бұзған жағдайда қандай шешім қарастырылған?

Рамазан айында күндіз, ораза кезінде әдейі төсек қатынасын жасаса, тамақ жесе немесе дәрі ішсе, оразасы бұзылады. Сол себепті оның қазасын тұтып, кәффаратын орындауы қажет. Кәффарат — бір құлды азат ету немесе екі ай бойы үздіксіз ораза тұту. Бұған да шама жетпесе 60 мұқтажды тамақтандыру. Бұл реттік тәртіп қатаң сақталуы қажет. Бірінші тәсілге шамасы жеткен кісіге жеңілдік іздеп келесі тәсілді қолдануы дұрыс емес. Бұл екі айда рамазан мен ораза тыйым салған күндер болмауы керек. Рамазан айынан басқа кезде оразаны бұзса кәффарат жоқ. Тіпті оразасы рамазан айының қазасы болса да. Жалпы жылдың бес кезеңінде ораза тұтуға тыйым салынған. Олар төмендегідей:

Ораза айт күні.

Құрбан айт күні.

Тәшриқ күндері (Құрбан айттан кейінгі үш күн).

4. Оразаның мәкруһтері (жағымсыз жағдайлары) қандай?

Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады. Әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі — мәкруһ. Баласын тамақтандырудың басқа лажын таппаса солай істеуіне болады.

5. Ораза қай жағдайларда бұзылмайды?

Ораза тұтушы ұмытып тамақ жесе, не ішсе, не төсек қатынасын жасаса оразасы бұзылмайды. Сондай-ақ, ұйықтап жатып жүніп болса, әйеліне қарап денесінен ұрық шықса, денесіне май жақса, қан алдырса немесе сүрме жақса, сүйіссе, бірақ ұрық шықпаса оразасы бұзылмайды. Сондай-ақ жұтыну оразаны бұзбайды. Тек ауызға әдейі толтырып жұтпаған жөн.

6. Балиғат жасына толмаған балаға ораза ұстау парыз ба?

Рамазан айында ораза тұту денсаулығы жарайтын, кәмелетке толған, ақыл-есi дұрыс әрбір ер және әйел мұсылманға парыз. Жыл сайын әр мұсылман таңнан кешке дейiн шын ниетiмен Рамазан оразасын ұстауы қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, ораза ұстаудың шарттарының бірі ораза ұстаушы балиғат жасында болуы керек. Балиғатқа жетпеген балаға ораза ұстау парыз емес. Исламда балиғат жасы деп ұл балалар 12, қыз балалар 9 жасқа толғаннан соң, еркектік және әйелдік белгілері көрінгеннен саналады. Егер аталған жастарда белгілері көрінбесе, онда ұл да, қыз да 15 жасында балиғатқа толады. Алайда балиғатқа толмаған балаларды оразаға баулу, үйрету мақсатында ораза ұстатқызу мустахаб. Балиғатқа толмағандықтан ораза ұстамаса күнә емес. Сондай-ақ балиғатқа толмаған балалар бір себеппен оразасын бұзса кәффарат әрі күніне-күн ораза ұстап беру міндеттелмейді.

7. Басқа адамның атынан ораза ұстауға бола ма?

Жалпы, құлшылықтарды үшке бөліп қарастырсақ болады. Тек мал-мүлікпен ғана жасалатын құлшылық, дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық, әрі дене мүшелерімен және мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Бірінші, мал-мүлікпен ғана жасалатын құлшылыққа зекет, садақа және кәффарат төлеу секілділер жатады. Мұндай құлшылықтарды біреу арқылы барлық жағдайларда атқаруға болады. Екіншісі, дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық. Бұған намаз, ораза секілді құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықтарды біреудің орнына біреу атқаруына мүлдем болмайды. Үшінші, дене мүшелерімен және мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Оған қажылық сияқты құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықта біреудің орнына тек қана орындай алмайтын әлсіз болған жағдайда ғана орындауға рұқсат етіледі. Ораза, намаз дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық болғандықтан біреудің орнына біреу атқаруына болмайды. Денсаулығы жарайтын, кәмелетке толған, ақыл-есi дұрыс мұсылман оразаны өзі ұстайды. Ал ауруынан жазылуынан күдер үзген науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді.

8. Темекі тартса ораза бұзыла ма?

Ораза кезінде мейлі жәй түтін болса да әдейілеп жұтса оразаны бұзады. Сол себепті ауыз берік кезде темекі тартқан адамның оразасы бұзылады. Өйткені темекінің түтіні никатин мен деготь және екеуінен бөлек қамтитын заттар бар. Бұлардың бәрі — пішіні бар тозаң заттар. Бұл нәрсенің темекінің түбіне жиналатынын көреміз. Сақтану керек болған нәрсені ішке тарту ораза шарттарын бұзады. Ал оразада адамға әтір себініп немесе әтір иіскеудің үкімі рұқсат. Себебі әтірдің түтін секілді физикалық массасы жоқ. Мысалы: ауызы берік адам әртүрлі гүлдердің иісін иіскеуі оразасын бұзбайды. Сондай-ақ оттегімен демалу оразаны бұзбайды. Өйткені оттегі күнделікті демалып жатқан ауамыз секілді.

9. Ораза ұстаған адамға вакцина салдыруға бола ма?

Вакцина адамның ішкі ағзасына өтпейді. Ол тері астына салынады. Шариғатта тері астына ине салу оразаны бұзбайды. Десе де бұл жерде мына нәрсені есте ұстаған жөн. Қазіргі заман ғалымдары укол арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) деп, екіге бөліп қарастырады. Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды. Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрап білуі керек.

10. Жаман түс көріп, ұрық бөлінсе ораза бұзыла ма?

Рамазан айында түс көру арқылы ұрық шықса оразаға еш кедергі қылмайды. Мейлі, адам күндіз жүніп болсын немесе түнде жүніп болып, сол қалпымен таң атырса да оразасы бұзылмайды. Өйткені ұрық оның қалауынсыз шықты. Сондай-ақ ұйқыдағы кісіге үкім жүрмейді. Айша анамыз жеткізген хадисте, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қалам үш кісінің амалын жазбайды, ұйқыдағы кісі оянбайынша, ауырған кісі айықпайынша, сәби балиғатқа толмайынша" деп айтты. Бұл кісі тек намазын орындау үшін ғұсылын алады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров