Темір жол

Еліміздегі пойыздарда енді мүгедектерге арналған вагон болады

Экспресс К

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Елімізде облыстар арасында қатынайтын барлық пойыздарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагондар қосылатын болды.

Бұл жоба 2024 жылдың басынан бастап жүзеге аспақ, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес бүгінде еліміздегі 300 теміржол вокзалы мен станциясының 136-сы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген.

Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға, оның ішінде балаларға теміржол көлігінде жол жүру үшін билет құнына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал "Тұлпар-Тальго" пойыздарында арнайы орындарға билеттерді ресімдеу 70 пайыз жеңілдікпен жүргізіледі.

Вице-министр "Автомобиль көлігі туралы" заңға түзетулер әзірленгенін атап өтті. Түзетулерге сәйкес, қалалық бағыттар бойынша қатынайтын жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі тиіс деген талап көзделген. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

"Республика бойынша тұрақты қалалық бағыттарда 300-ге жуық тасымалдаушы жұмыс істейді, автобус паркінде 10 770 көлік бар. Олардың 4 515-і немесе 30 пайызы халықтың қауқары аз топтарын тасымалдауға бейімделген. Сонымен қатар өңірлерде жалпы саны 375 автокөлігі бар 119 инватакси қызметі жұмыс істейді", — деді Берік Камалиев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров