Полиция

"Форманы шешіп, төбелесейік". Қызылордада жүргізуші полицейдің әрекетін айыптады

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Әлеуметтік желіде полиция қызметкеріне қатысты видео тарады.

Бейнежазбада жас жігіт тәртіп сақшысы өзіне "төбелесейік" деп айтқанын жеткізеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Полицейлер көлік жүргізушісін тоқтатқан. Видеодан тіпті хаттама толтырып, эвакуатор шақырғанын көруге болады. Ал жүргізуші тәртіп сақшыларының бұл әрекетімен келіспесе керек, дереу видеоға түсірген. Жас жігіт полицейдің бірі "төбелесейік" деп айтқанын алға тартады.

Кешке жұмыстан шыққаннан кейін форманы шешіп, төбелесейік" дейді полиция қызметкерлері. Көліктің мемлекеттік нөмірі, міне... Сөйтіп айттың ғой жаңа, бауырым, иә?

— дейді жас жігіт.

Алайда оның бұл сұрағын полицей жауапсыз қалдырады. Осы сәтте көлік жүргізушісі тәртіп сақшысы неге олай айтты деп шенді қызметкердің серіктесінен сұрайды. Ал ол "өзінен сұрап көрсейші" деп қысқа қайырады.

Бейнежазба желіде тарап, елдің қызу талқысына түсті. Желідегілердің бірі полицейдің әрекеті дұрыс еместігін алға тартса, енді бірі тәртіп сақшысын қолдаған. Олардың ойынша, шенді қызметкер мәселені еркекше шешпек болған.

Экспресс К тілшісіне белгілі болғандай, оқиға 31 наурыз күні Қызылорда қаласындағы Астана даңғылы бойында болған. Полиция басқармасының мәліметінше, тәртіп сақшылары ВАЗ-2107 автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 2002 жылы дүниеге келген жергілікті тұрғын тізгіндеген. Алайда оның көлік басқаруға құқығы болмай шығыпты. Ал видеодағы "форманы шешіп төбелесейік" деген сөз шындыққа сәйкес келмейді деп отыр.

"Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 612-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, автокөлік айып тұрағына қойылған. Автокөлікті тоқтату барысында ішінде болған жолаушылар жазадан құтылу үшін түрлі айла-тәсілдер қолданғысы келген. Полиция қызметкерлері заңға сәйкес Әдеп кодексінің талаптарын сақтай отырып қызметтерін атқарған", — дейді Қызылорда қалалық Полиция басқармасындағылар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров