Неміс халқы

Қарағандылық неміс тарихи отанына барудан неліктен бас тартқанын айтты

Есен ҮРКІМБАЙ

Видеодан кадр

Қарағанды облысында тұратын этникалық неміс неліктен Германияда жайлы өмір сүру мүмкіндігінен бас тартып, Қазақстанда қалғаны туралы айтты. Ол балаларын неміс мектебіне беру үшін талап бойынша шіркеуге тіркеу керек болған соң келісім бермеген.

Блогер Айсұлтан Жақыповтың "Басқаша әңгіме" атты жеке жобасына келіп сұхбат берген неміс ұлтының өкілі Владимир Зигер ата жұртына неліктен бармағаны туралы айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Ол, мүмкіндігі бола тұра Германияға көшуге шешім қабылдайтын кезде бірден бас тартқан. Өйткені оған балаларын мектепке беру үшін әуелі шіркеуге тіркеу керек деген талап қойылыпты.

"2019 жылы әкем қайтыс болды. Шешем қолымда болатын. Сол кезде "Германияға кетіп қалсам ба екен?" деген ой болды. Сөйтіп ол жақтағы жағдай туралы сұрастыра бастадым. Германияда жүргенімде әкемнің інісінің баласы мектепке барды. Талап бойынша бала мектепке бару үшін әуелі шіркеуге тіркеледі екен. Біздің елде ондай жоқ қой. Ал Германияда олай болмаған жағдайда мектепке алмайды", — дейді Владимир Зигер.

Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ақсу ауылында туып өскен Владимир Зигер осындай талаптарды қабылдай алмаған. Себебі, ол қазақ арасында өскендіктен, өзін әуел бастан мұсылмай санайды екен.

"Сондай талаптар жағы маған ұнамады. Бала күнімнен бері қазақ арасында өскеннен кейін жаным исламға жақын. "Алла" деп өстім. 2012 жылы ислам дінін қабылдадым. Кәлиманы оған дейін де айтып жүрдім. Өзімді мұсылман санадым. Исламды қабылдаған жылы алғаш рет мешітке барып, жұма намазына қатыстым. Әйелімнің ұлты — қазақ. Мен Германияда жақсы өмір сүру үшін балаларымды шіркеуге тіркесем, ол отбасым үшін дұрыс шешім болмас еді. Ата-енемнен де ұят болар еді.", — дейді Владимир Зигер.

Этникалық немістің сұхбатын көрген жұрт оған шынайы ризашылығын білдірген.

"Қазақстанда туған немістің жүрегі қазақ деп соғады", "Бойына қазақтың рухы сіңген адам", "Ғұмырлы бол!", "Еуропада қанша неміс көрсем, бәрі бірден қазақша сөйлесе кетеді" деп жүрекжарды лебіздерін жазып қалдырған көрермендер.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров