Еркін Тәтішев: "Ағамның өліміне Әбіләзовпен қатар Дүтбаевтың да қатысы бар"

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Еркін Тәтішев/©f6s.com/yerkintatishev1

Еліміздегі белгілі кәсіпкер Еркін Тәтішев ағасын кім өлтіргенін айтып сұхбат берді.

Оның айтуынша, бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың да қатысы бары анық, деп хабарлайды Экспресс К.

Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2001-2006 жылдары басқарған Нартай Дүтбаев банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Өйткені марқұмның інісі Еркін Тәтішев бұл істе ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы да кінәлі екенін айтумен келеді. Сондай-ақ осыған дейін Мұхтар Әбіләзовтің тапсырысымен банкирді өлтірдім деген Мұратхан Тоқмәди де өзінің кінәлі еместігін айтып, мәлімдеме жасады. Осыларды естіген банкирдің інісі Еркін Тәтішев "Караван" газетіне сұхбат беріп, олардың сөзін жоққа шығарды.

"Екеуінің айтып отырғаны өтірік. 2004 жылғы желтоқсанда болған қазадан кейін 18 жылдай өтті. 2016-2017 жылдардағы тергеу Әбіләзовтің, Дүтбаевтың және Тоқмәдидің кінәсін нақты дерек пен айғақтарға сүйеніп, толық дәлелдеді. Қазір бұл қылмысқа қатысы жоқ мәлімдеп шығып жатыр. Олар бір банда, бір-бірімен байланысты. Менің ағамды Тоқмәди өлтіргеніне сенімдімін", — дейді Еркін Тәтішев.

Өзінің айтуынша, оның кезінде АҚШ-тың құқық қорғау органдарында істеген ең мықты сот-медициналық сарапшылардың қорытындысы бар екен. Оған сәйкес, оқты Тоқмадидің өзі және әдейі атқан.

Дүтбаев 10 жылдан астам бас бостандығынан айырылған еді. Қалайша мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кеткеніне таң қаламын. Ағамның өлімін ұйымдастырушы сол еді. Ол бақылау жүргізу, телефон тыңдау және әкімшілік қысым ұйымдастырумен айналысқан,

— дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың маусым айында қамауға алынған еді. Сол жылдың қазан айында ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Осыдан кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол "Тұран Әлем Банкінің" бұрынғы басшысын (кейіннен БТА Банкі) өлтіруге тапсырысты Мұхтар Әбілязов бергенін мәлімдеді. Сөйтіп 2018 жылы наурызда Тоқмәди 10 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал, Нартай Дүтбаев 2001-2006 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Кейін 2017 жылдың соңында "мемлекеттік құпияны жария етті", "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыппен ұсталып, 2018 жылы 12 жылға сотталды. Алайда 2020 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров