Жол

"Жол сәуірдің соңына дейін жөнделеді". Павлодар әкімдігінен жауап келді

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Видеодан кадр

Павлодар қаласының әкімдігі ойдым-ойдым жолдың кесірінен зардап шеккен жүргізушінің бейнеүндеуінен хабардар екен.

Әкімдіктің баспасөз қызметі көше жолдарының қазіргі жағдайы және алдағы жоспарлары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Баспасөз қызметі мәлімдегендей, облыс орталығындағы Құдайбергенов көшесінде 2014 жылы орташа жөндеу жүргізілген. Содан бері жолдың сапасына қатысты ешкім шағым айтып көрмепті. Бірақ 2021 жылы жолды қайтадан бұзуға тура келіп, түйткіл осы жерден туындаған.

"Ақ жол" автоүйі маңындағы жол учаскесін қазып, "Павлодар-Водоканал" ЖШС сумен қамту желілерін жөндеді. Кейін кәсіпорын жолды қалпына келтірген еді. Алайда бұл жұмыс сапасыз атқарылған. Әкімдік компанияға жолды қайтадан жөндеу туралы талап қойды,

— дейді әкімдіктің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.

Нақтысында, кәсіпорын жұмысты осы жылдың 20 сәуіріне дейін аяқтауы тиіс. Олар ауа райының қолайлы қалыпқа түсуін ғана күтіп отыр екен. Жалпы, облыс орталығында 369 көше, 443,7 шақырым жол бар. Соның 271,7 шақырымының жағдайы қалыпты. Ал 84,8 шақырым жолдың сапасы сын көтермейді, яғни жөндеуді қажет етеді.

Биыл қалада 12 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Олардың жалпы ұзындығы — 40 шақырым. Сондай-ақ, жеке секторлардағы 53 көше алғаш рет асфальтталады. Бұл жұмыстарды сәуір айының соңына қарай бастау көзделіп отыр,

— деп толықтырды баспасөз хатшысы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров