Орыс қызы

18 жастағы орыс қызы: "Қазақтар орысша сөйлесе, таң қалмаймын. Жаным ашиды"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Анджелика есімді стендап-комиктің әзілі көпке ой салды. Бойжеткен кезекті бір өнер көрсетуі кезінде көрермендерге астарлы қалжыңын ұсынды.

18 жастағы орыс қызы қазақ мектебінде оқығанын, өзі және отбасы қазақ болып кеткенін алға тартады, деп хабарлайды Экспресс К.

Стендап-комик көрермендермен мұсылманша амандасады. Кейін өзін таныстырып, сотталмағанын атап өтеді.

"...Сіздер туралы орыстар не дейтінін білесіз бе? Мен де білмеймін негізі, орыстармен араласпаймын. Мен қазақ мектебін бітіргенмін. Мысалы, жаңа ортаға барсам, қазақша сөйлеймін. Сол кезде бәрі "мынау қазақша біле ме?" деп таң қалады. Қазақтар орысша сөйлесе, мен таң қалмаймын ғой. Керісінше жаным ашиды",—дейді бойжеткен.

Сонымен қатар ол қазақ мектебінде оқып жүргенде тарих пәніндегі ең ұнамайтын тақырыбы ашаршылық туралы болғанын алға тартты.

"Себебі сыныптастарым маған қарап тұрып "осы қыздың атасы кінәлі" дейтін. Жоқ, менің атам кінәлі емес... Олай айтуға болмайды ғой. Осы сабаққа қанша дайындалып барсам да, үнемі екі алатынмын",—дейді ол.

Өз сөзінде орыс ұлтының қызы отбасы туралы да айтты.

"Біздің отбасы — орыс. Бірақ бізді таза қазақ деуге болады. Үйіміз ипотекаға алынған, ағамды кредит алып үйлендірдік. Орынбор біздікі. Біздікі дегенде қазақтардікі дегенім ғой... Сосын маған Навальныйға қарсысың ба? Путин не болды деп сұрап жатады. Айналайындар-ау, мен Қазақстандамын, Президентім басқа ғой" деп сөзін түйеді бойжеткен.

18 жасар комиктің бұл әзілінің видеосын желі қолданушылары қызу талқылап жатыр.

"Керемет айтты", "Келін қылып алу керек екен", "Түсінетін адам болса, өте дұрыс айтып жатыр", "Ойнап айтса да, шындықты айтты" деп жазды желі қолданушылары.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров