Ішімдік

"Жұрттың көзінше дәрет сындырады". Аялдамада түнейтін бомждар елді шошытты

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Шымкентте үйсіз-күйсіз жүрген бомждар аялдамаларды түнеп жүр.

Ішімдікке сылқия тойып алып, тәтті ұйқыға кететін олардың әрекеттері тұрғындарды әбден мезі еткен, деп хабарлайды Экспресс К.

Әлеуметтік желіде "Колос" аялдамасында болған оқиғаның видеосы тарады. Онда қаңғыбастардың аялдама орындығында ұйықтап жатқан сәтін көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, бұл бірнеше рет қайталанып отыр. Автобус күткен халық аялдамаға жақындаудан қалған. Өйткені жағымсыз иіс мүңкіп тұрады. Қаңғыбастар тіпті әдеп дегенді білмейді екен.

Видеодан аялдама орындығында жатқан олардың бірі жұрттың көзінше баклажкаға дәрет сындырып жатқанын көруге болады.

Желі қолданушыларының жазуынша, қаладағы үйсіз-күйсіз жүргендердің басым көпшілігі осы аялдаманы мекен етіп алған. Олардың көбі үйсіз-күйсіз жүргендерге арналған орталыққа барғысы келмейді. Себебі ішімдікті қойғылары жоқ.

Экспресс К тілшісі халықтың шағымы бойынша полицейлерге хабарласып көрді.

"Аталған жайт бойынша Республика даңғылында орналасқан "Көмешбұлақ" базарының аумағында профилактикалық іс-шара жүргізілді. Бейнежазбада көрсетілген қоғамдық орында құқықбұзушылық жасаған азамат анықталды. Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірдік. Бұл аумақ полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауына алынды",—деді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.

Айта кетейік, "Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау" бабы бойынша құқықбұзушылық жасағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (15 325 теңге) айыппұл салу жазасы қарастырылған. Егер ол әкімшілік жаза қолданғаннан аталған құқықбұзушылықты бiр жыл iшiнде қайталап жасаса, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (30 630 теңге) айыппұл салынады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров