Су тасқыны

"Көмек керек". Ақтөбеде үйлерін су басқан тұрғындар мектептерді паналап жатыр

Кәмшат ҚОПАЕВА

Тұрғындардан алынған фото / ©ЭК/Кәмшат Қопаева

Ақтөбеде 100-ге жуық үй суға кетті. Ал тұрғындар қала мектептеріне орналастырылып жатыр.

Үйлерін су алған тұрғындарға материалдық көмек керек, деп хабарлайды Экспресс К.

Ақтөбе қаласындағы 4 орта мектеп пен бір спорт мектебінде 137 адам жатыр. Оның 85-і бала, ал бір жасқа толмаған сәбилердің саны — 7.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Қаладағы №47 орта мектепке барып, эвакуацияланған тұрғындармен тілдестік. Бұл жерде 90 адам бар. Оның 60-ы бала. Кабинеттердің барлығына кілем жайылған. Бір бөлмеде балалар үшін телевизор қойылыпты. Ештеңеден бейхабар бүлдіршіндер асыр салып ойнап жүр. Ал ата-аналары жағдайдың қалай боларына алаңдаулы.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Қала маңындағы саяжайдың бірінде тұратын Майра Шакимова алты баласымен осы жерді паналағанына бір күн болыпты.

Түнгі сағат 12-нің шамасында үйдегі мысық жаңа туған баласын тістеп алып, ары-бері жүгіріп жүр. Түсінбей қалдық. Үй жануарлары сезеді деген рас екен. Есікті ашсам су келіп жатыр. Содан құжаттарымды алып, балаларды ояттым,

— дейді Майра.

Майра құтқарушыларға хабарласпай мектепке өзі келген. Себебі оларды күтіп отыруға уақыт жоқ еді.

Бес қыз бір ұлым бар. Ағайындарым сол үйді берген еді. Пәтер ақысын өзім төлеймін. Су үй ішінің бәрін алып кетті. Балалардың киімі, оқу-құралы бәрі судың астында қалды. Не істерімізді білмеймін. Қазір жұмысқа барамын. Басшылық көмектесеміз деген,

— дейді Майра.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Ал АЗФ саяжайында тұратын Тазагүл Сейтжанованың да баспанасын су алып кеткен. Үшінші сәуір күні тұрғындарға су басып жатқаны туралы хабарлама келген.

—Құжаттарымызды алып үлгердік. Бала-шағаны алып мектепке орналастық. Мұғалімдерге рахмет. Жағдайымызды жасап жатыр. Су қайтқанша осы жерде болатын шығармыз. Үйге кіре алмаймыз. Бір-екі метрге дейін су басып қалған. Ол үйді жөндеу үшін де қыруар қаржы қажет. Сондықтан метариалдық көмекке мұқтажбыз, — дейді Тазагүл әже.

ТЖД баспасөз қызметіТЖД баспасөз қызметі
ТЖД баспасөз қызметі

Анасының сөзін қызы Шырын Нұрымбетова да қостады. Оның айтуынша, әкімдік қызметкерлері бүгін ғана келіп тізімін алған.

Тоңазытқыш, балалардың киім-кешегі, оқу-құралы бәрі су астында қалды. Үстіміздегі киіммен шықтық.Осындай қиын сәтте материалдық көмек сұраймыз. Үйді 2015 жылы өз күшімізбен салып едік. Мына жағдай есеңгіретіп тастады. Далада қалғандаймыз,

— деді Шырын көзіне жас алып.

Қала әкімі Асхат Шахаров баспанасын су басқан тұрғындардың мәселесі басты назарда екенін айтты.

Эвакуацияланған азаматтардың барлығына көмек көрсетіледі. Тамақ және өзге де заттармен қамтамасыз етіліп жатыр. Жағдайға талдау жасалады. Кәсіпкерлермен кездестім, алдағы уақытта кімге қандай көмек берілетінін анықтаймыз,

— деді қала әкімі.

Облыста ахуал тұрақты. Қаланың ортасынан ағып өтетін Сазды өзені бақыланып отыр. Кеше Жіңішке өзенінің айналасындағы үйлердің тұрғандары қауіпсіз жерге көшірілген.

Сонымен қатар қазіргі жағдайға байланысты қаладағы 85 мектептің 13-і онлайн режиміне көшкен. Яғни 11 мың 595 бала онлайн білім алып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тізімі жасалып, балаларды оқу-құралдарымен қамту мәселесі де қолға алынған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, наурыздың 30-ы мен сәуірдің 3-не дейін су басқан аумақтардан 259 адам эвакуацияланған. Қала бойынша 113 үйден адам шығарылған. Алайда үйлердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі көпшілігі баспанасын су басқаннан кейін өз беттерінше туған-туыстарының үйіне кетіп қалған. Судың деңгейі түскеннен кейін, үйлердің нақты саны белгілі болады.

Ал облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, облыстың 7 ауылында жол қатынасы үзілген. Төтенше жағдайға жауап беретін басшысы әлі бірде бір ауылға бармапты. Су тасқынының алдын алу үшін облыс бойынша қанша қаржы бөлінгенін де нақты айта алмады.

Қазір қала маңындағы Сазды су қоймасы толған. Қарғалы мен өзге су қоймалары жергілікті биліктің бақылауында екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров