Жамбыл облысында "халал" ауылдар көбейіп келеді


Әлеуметтік желіден
Бұл бастама аймақта былтыр қолға алынған болатын. Сол кезде өңірдегі бес ауылдың кәсіпкерлері бірінші болып дүкен сөрелерінен ішімдік атаулыны түгел құртқан еді. Онымен қоймай, спирттік сусындарды сатуға рұқсат беретін лицензияны да салық органдарына қайтарып берген болатын.
Биыл "ащы судан" аулақ болуды қалаған елдімекендер қатары көбейе түсіпті, деп хабарлайды Экспресс К.
Аймақта алғаш болып Жамбыл ауданында қарасты Шайқорық, Танты, Бесағаш ауылдары ішімдіктен толықтай бас тартты. Алкоголь өнімдерін тұтынуды тоқтату мәселесіне ақсақалдар бас болып, жастар жағы қызу қолдаған екен.
Арақ-шарап болмаған соң, бұзақылық пен түрлі қылмыс азайды. Әрине, тұрғындарға ішпе деп, аузына қақпақ бола алмаймыз. Алайда, ауылда сатылмаған соң, көпшілік арасында ішуді біржолата қойғандар бар,
Бұл бастаманың арқасында "Ішімдіксіз ауыл" атануға асыққан елдімекендердің қатары көбейді. Жамбылдан соң Мойынқұм мен Жуалы аудандары да игі іске үлес қосқан еді. Қазір ондағы кәсіпкерлер спирттік сусындарды сатуды бірте-бірте доғарып келеді.
Оқи отырыңыз:
Сарысу ауданындағы бірнеше ауыл да осындай қадамға баруды жөн санапты. Ол туралы жас белсенді Бауыржан Балғабай әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншіледі. Жаңарық ауылында кәсіп иелері ішімдікпен қатар темекіні саудалауды да қойыпты.
Біз бұл қадамға біреуден қорыққанымыздан барған жоқпыз. Балаларымыз дін жолында болған соң, сатпайық деп шештік,
Алғашында мұндай шешімді тұрғындар қолдай қоймағанымен, уақыт өте үйренісіп кетіпті. Ішімдік сатуды тоқтатқан ауылдар өзге елдімекендерді де осыған шақыруда. Олар жыл он екі ай болмаса да, Рамазан айында арам дүниені саудаламай-ақ қоюдан бастаса дегенді айтады. Қазіргі таңда Әулие ата өңіріндегі 20-дан астам ауылда ішімдік сату тоқтаған.
Бөлісу