Төтенше жағдай

СҚО-да мектеп-гимназияның төбесі опырылып түсті

Экспресс К

Видеодан кадр

Аққайың ауданындағы мектеп-гимназияның мәжіліс залының шатыры ортасына түсті. Абырой болғанда іште ешкім болмаған.

Төтенше жағдай кезінде ғимарат құлыптаулы болды, деп хабарлайды Экспресс К Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс залы мектеп-гимназияға жапсарлас салынған. Нысанның төбесімен қоса, жалпы ауданы 153 шаршы метр қабырға қирап қалды. Ғимарат іргетасы 1965 жылы қаланыпты.

Төтенше жағдай кешкі сағат 18.00 шамасында болған. Мәжіліс залының ғимараты да жабық тұрған. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Бейнежазбадан мәжіліс залының түгелдей қирап қалғанын көруге болады. Алдын ала болжам бойынша, ғимараттың құлауына іргетастардың шөгуі және шатырдан өткен судың төбеге салмақ түсіруі себеп болуы мүмкін.

"Қазіргі таңда мәселенің жай-жапсарын анықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылған. Айта кету керек, биыл облыс әкімдігі осы білім беру мекемесін жөндеуге қаржы қарастырған. Оған мектептің, интернатының және мәжіліс залының шатырлары ауыстырылуы тиіс", — деген мәлімет берді облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Мектеп-гимназияда 293 оқушы бар. Олар жөндеу жұмыстары аяқталғанша қашықтан оқиды.

Жаңалықтарды Aitu арнасынан оқыңыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров