Су тасқыны

Қостанай облысында үйді су басып, жолды тасқын бұзып өткен

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Арқалық қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қостанай облысында да қарғын су әбігерімен күрес басталды.

Әлеуметтік желіде Арқалықта үйлерді су басқаны және Амангелді ауданында қатынас жолын тасқын су бұзып өткені туралы видеолар тарады, деп хабарлайды Экспресс К.

Күрт еріген қар суы Амангелді-Қабырға аралығындағы жолды жырып ағып жатыр. Қатынассыз қалдық деп шырылдаған тұрғындар бейнежазбада мұндай жағдайдың әр көктем сайын қайталанатын айтады.

Осы мәселеге қатысты аудан әкімдігі мәлімет берді.

"Қабырға ауылдық округінің әкімі С.Байкенов 4 сәуір күні сағат 20:30-да Амангелді-Үрпек-Қабырға автожолын күрт еріген қар суы бұзып өткені туралы хабарлады. Әсіресе Қабырға ауылына апаратын жол бөлінді. Елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. 282 тұрғыны бар бұл ауыл көктемде қатынасы қиындайтын ауылдар тізімінде тұр", — дейді аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласов.

Оқиға орнына барған аудандық ТЖБ қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстап отыр. Күндіз-түні кезекшілік атқаруға 4 адам, 2 техника жұмылдырылған.

Амангелді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіАмангелді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Амангелді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Арқалықтың Новый кентінде де қар күрт еріп, аулаларды басып жатыр. Instagram желісінде тараған бейнежазбадан тұрғын үйдің ішіне су кіріп кетіп, отбасы мүшелері тобықтан су кешіп жүргенін көруге болады.

Жергілікті билік өкілдері де бұл жағдайға байланысты ақпарат жариялады.

"4 сәуірде түске дейін ТЖ, коммуналдық сала өкілдері Красноармейский көшесіндегі 15/2, 15/6 мекенжайларына барып, үйлерге кірген су сорып алынды. Яғни видео жарияланғанға дейін көмек көрсетілген", — дейді Арқалық қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Билік өкілдерінің айтуынша, үй иелері ауладағы қарды аршып, қауіпсіздік қамын жасамағандықтан баспананы су алған. Дегенмен әкімдік өкілдері қала аумағында қарғын судан келетін қауіптің артып отырғанын жасырмайды.

Арқалық қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіАрқалық қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Қазір 5 мобильді топ күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Облыс орталығынан қосымша 22 адам көмекке келді. Диспечердің жұмыс істеп тұрғанын да естеріңізге саламыз. Көмектің шын мұқтажға көрсетілуі үшін тұрғындардан қар суына өздері қарсы тұра алмаған жағдайда ғана хабарласуын сұраймыз", — дейді қала әкімдігіндегілер.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров