Ораза

"Оразаны 3 мың теңгемен өтедім дейміз бе?" Мешіт имамының насихаты сынға қалды

Олжас НҰРЖАҚЫП

Видеодан кадр

Жамбыл облысындағы мешіт имамдарының бірі жергілікті тұрғындарға ораза ұстамасаңыз күнделікті 3000 теңге төлеп отырыңыз деп насихат жүргізген.

Бірақ тұрғындардың бірі бұл бейбіт күнде қанаушылықпен тең деген үндеу жариялап отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Оразада 3 мың теңге төлеп отырыңыз деген сөзді сынға алған тұрғынның бейнеүндеуі Telegram арналардың бірінде тарады. Видеода өзін Тараз қаласы, Байзақ ауданы тұрғыны деп таныстырған келіншек жергілікті мешіттегі имамның сөзіне қапалы. Ол ата-бабадан жалғасқан "пітір" садақа дегенді естігенбіз, бірақ оразада ауыз бекітудің орнына 3 мың теңге беру дегенді алғашқы рет естуім деп дабыл қақты.

"Осы уақытқа дейін естімеппін. Ораза ұстамасаң күндігіне 3 мың теңге төлеп отыр дегенді. Байзақ ауданындағы мешітте имамдарымыз осындай насихат жүргізіп жатыр. Ораза ұстамасаңыз осында келіп төлесеңіз болады деп. Адам басына, күндігіне. 30 күн ораза ұстай алмасаңыз 90 мың теңге төлеуіңіз керек. Бұл қайдан жатқан батпан құйрық? Езіліп жатқан халықты одан сайын таптап тастадыңыздар ғой. О дүниеге барғанда Алла Тағала кешіріңізші мені, сіз көріп тұрсыз ғой ораза ұстау мүмкіндігім болмады. Оның орнына 3 мың теңге төледім. Имамдар солай айтты. Сол ауыз бекітумен тең екен деп айтамыз ба? Сіздер қандай насихат беріп жатырсыздар өзі,дейді тұрғындардың бірі.

Мәселенің мәнін білмекке ЭК тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласты. Онда бұл төлемді "підия" садақасы деп түсіндірді. Әрі шама жетпесе оны төлеу міндетті емес, тек кешірім сұрап, тәубе етеді, дейді.

"Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау "підия" деп аталады. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек" ("Бақара" сүресі, 184-аят), — деп бұйырған.

Яғни, підия садақасы — ол бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның ең аз мөлшері биыл 3000 (үш мың) теңге деп белгіленді. Өйткені, барлық облыстардан алған мәліметтер бойынша, бір адамның ең төменгі бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 1500 теңгеге тура келді. Бұл садақаны халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көпбалалы отбасына, хәлі нашар мүгедек жандарға үлестірген абзал. Бекітілген підияны (3000 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (500 теңге) підия берсе де болады. Оған да жағдайы келмесе — беру міндет емес. Шамасы келмеген кісі Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етеді", — деп жауап берді діни басқармада.

Жаңалықтарды Aitu арнасынан оқыңыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров