Қылмыс

Эксклюзив: Алматыдағы дәрігерді кім өлтіргені белгілі болды

Экспресс К

Видеодан кадр

Жуырда Алматыда белгілі дәрігер Юрий Шумковты бір ер адамның атып өлтіргені белгілі. Полиция оны бұрынғы науқастарының бірі өлтірді деген нұсқаны алға тартқан. Осы ретте, ЭК тілшісі дәрігерді атты деген күдікті туралы тың деректерді тапты.

Экспресс К редакциясының жеке дереккөзі күдікті шамамен 35 жастағы Нұржан Т. есімді азамат екенін хабарлады.

Алматыдағы гастроэнтерология институтының директоры Ләйлә Ташенова күдікті туралы біраз ақпарат айтып берді. Марқұм Юрий Шумков соңғы жылдары осы медицина мекемесінде жұмыс істеген болатын.

Күдікті Нұржан Т. есімді азамат институтқа кемі 3 рет келіп кеткен: 1-2 ақпанда және 26 наурыз күні.

Жалпы, бұл науқас туралы айтсақ, ол суицидке жақын болған. Өйткені, институтқа келген кезде мойнында жіптің ізі болған. Мүмкін, буынып өлгісі келген шығар. Бізге үш рет келген. Оны марқұм Юрий Петрұлы қараған еді,

— дейді Ташенова.

Видеодан кадрВидеодан кадр
Видеодан кадр

Оның айтуынша, жігіттің жүріс-тұрысына қарап, институт қызметкерлері оның психикалық ауруы бар шығар деген болжам жасаған. Науқас суицид жасауға бейім адамдардың тізімінде тұрды ма деген сұрағымызға Ташенова келесідей жауап берді:

"Кім біледі? Науқастар психиатрдың тізімінде тұрмын деп айтпайды ғой. Жігіт 1987 жылы Алматы облысында туған. Нақты қай ауылда тұратынын білмеймін. Ең бірінші рет әйелімен келген. Балалар бар шығар, бірақ менде ақпарат жоқ. Зерттеу жүргізе келе оның асқазанында пластикалық стеноз барын анықтадық, бәлкім, асылып өлгісі келгенде пайда болған шығар. Соңғы рет келгенде, 26 наурыз күні оған эндоскопиялық зерттеу жасадық, асқазанында аздаған эрозия барын көрдік. Бұл әрине, аса ауыр диагноз болмаса да, біз үшін әрбір науқастың денсаулығы маңызды".

Жалпы, Ләйлә Ташенованың айтуынша, Юрий Шумковтан ем қабылдап жүрген азаматтардың бәрі қазір телефон соғып, бұл трагедияға сенбейтіндерін айтты.

Бәріміз де сенбейміз. Юрий Петрұлы өте тамаша кісі әрі мықты маман еді. Адамгершілігі зор, көмек сұрасаң, жетіп келетін. Өте адал адам болды,

— дейді Ташенова.

Айта кетейік, 6 сәуір күні осы институтта халық Юрий Шумковты соңғы сапарға шығарып салады.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 4 сәуір күні Алматыда 1975 жылы туған азаматты тападай тал түсте қару ұстанған бір жігіт атып кеткен еді. Қаза тапқан адам Қазақстанға белгілі дәрігер Юрий Шумков болып шықты. Полиция оны атқан адамдың ұсталғанын хабарлады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров