Теңге

Экономист: "Теңгенің нығаюы уақытша құбылыс"

Олжас НҰРЖАҚЫП

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Соңғы уақытта ақша айырбастау нүктелерінде төл валютамыздың долларға шаққандағы бағасы өзгергенін байқаймыз. Тіпті 500 теңгеден асқан көрсеткіш қазір жоқ. Кәдімгідей нығайған.

Десе де, мамандар бұл көріністің уақытша құбылыс екенін алға тартуда. Экспресс К осы мәселе жөнінде экономист Мақсат Халықпен әңгімелесті.

Мақсат ХалықМақсат Халық
Мақсат Халық

Экспресс К: Соңғы күндері теңге күшейіп келеді. Көрші Ресейде де рубльдің нығайғанын байқаймыз. Бұның себебі неде?

Мақсат Халық: Бірден айтайын, теңгенің құнды болып жатқаны Ресейдегі салықтық режімге байланысты емес. Қазір Қазақстанда да салық кезеңі. 1 сәуірге дейін теңгені сатып алу қарқыны қатты болды. Көптеген ірі компаниялар салықты теңгемен төлейтіндіктен доллармен жиған жинағын ауыстырды. Бұл бірінші себеп. Мұнан кейін қазір халық арасында доллар 400 теңге болады деген қауесет тарап жатыр. Азаматтар бұған дейін сатып алған көк қағазын қорқыныштан, үрейден әйтеуір ұтылмайық деген оймен теңгеге ауыстыруда. Бұл да өз әсерін беруде.

Десе де, бұл жерде айта кететін жайт, еліміздегі кәсіпкерлер бір ай бұрын бағасын көтерген тауарларын әлі арзандатқан жоқ. Оған асығар емес. Өйткені ертеңгі күнге алаңдайды. Сол себепті әліптің артын бағып отыр. Егер теңгеміз осы қалпында 2-3 ай тұрақты болса, нығая түссе онда тауар бағасы арзандауы мүмкін.

Экспресс К: Сонда теңгенің нығаюы уақытша құбылыс па?

Мақсат Халық: Солай дер едім. Мысалға айтайын. Қазір Ресейде салықтың кезеңнен бөлек, рубльді нығайту үшін орталық банк тарапынан қыруар қаржы бөлініп, интервенция жасалуда. Одан бөлек сыртқы сауданы рубльге ауыстырамыз деген шешімдер де осыған әсерін тигізуде. Десе де салынған санкциялар жетерлік. Оның ішінде ұзақ мерзімдісі өте көп. Олардың әсері жазға қарай белгілі бола бастайды. Сол кезде рубль қайта құлдырайды. Ертең тағы санкция салу туралы айтылып жатыр.

Сәуір айының 15-де салық төлемі аяқталады. Содан кейін теңгеге деген сұраныс жоғалады. Міне осы уақыттан ары қарай төл валютаға салмақ түсуі мүмкін. Одан бөлек сыртқы факторларды ескерген жөн. АҚШ доллар құнын жыл соңына дейін 7 пайызға көтереміз деп мәлімдеді. Әрине бұл жағдай бізге қазір әсер етпес. Жыл соңында нәтижесін көрсетеді. Сондықтан теңгенің нығаюы уақытша құбылыс дер ем. Әрине аспандап кетпес, бірақ 400 теңгеге дейін түседі, не болмаса 700 теңгеге көтеріледі деген алып-сатарлардың сыбысына ермеген жөн. Не де болса жиғаныңызды доллармен де, теңгемен де, алтынмен де сақтауға кеңес берер ем.

Экспресс К: Сұқбатыңызға рақмет.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқыңыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров