Спорт

Сметов 2 млн, Сәтжанов 700 мың. Спортшыларға жалақы дұрыс төленіп жүр ме?

Бек ТӨЛЕУОВ

Елдос Сметов / Қайрат Сәтжанов

Елімізде спортқа қаржы қанша бөлінетіні үнемі айтылғанымен, оның ішінде спортшылар мен бапкерлерге төленетін жалақы көлемі көп жағдайда құпия күйінде қалады.

Соңғы кезде осы жалақы көлемінде көп әңгіме қозғалып жатыр. Сол себепті Экспресс К тілшісі сарапшылармен сөйлескен еді.

Бір айта кетерлігі, елімізде спортшылар келісім-шартқа отырғанда оларға жалақысын жария етуге тыйым салынады. Яғни коммерциялық құпия ретінде сақталу керектігі еңбек шартында жазылады. Сол себепті ешкім құжат жүзінде растамайды. Дегенмен, осы спорттың айналасында жүргендер елде қанша жалақы төленетінін жақсы біледі. Солардың пікірін білген едік.

Мысалы, жақында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов ел чемпиондары айына 110 мың теңге алатынына күйінді.

Толық ставкадағы ел чемпиондарына 110 мың теңге төленеді. Ал 0,5 ставка болса 55 мың теңге беріледі. Егер күзетші немесе дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істесе, одан көп табар еді. Бұл енді өкінішті жағдай болып тұр,

— деді Қайрат Сәтжанов "Спорт Шредингер" арнасында.

Қайрат Сәтжанов/Видеодан кадрҚайрат Сәтжанов/Видеодан кадр
Қайрат Сәтжанов/Видеодан кадр

Осы ретте елдегі күзетшілердің орташа жалақысы 120 мың екенін еске сала кетейік.

Оның айтуынша, Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген боксшыларға 500-600 мың теңге жалақы төленеді. Елімізде мұндай 9 боксшы бар екен.

Қайрат Сәтжанов айтып отырған бұл 500-600 мың теңге жалақыны чемпиондарға бұған дейін Ұлттық Олимпиада комитеті төлеп келген. Енді осындай жалақыны төлеумен 1 сәуірден бастап, Спортты дамыту дирекциясы айналысады. Бұл — мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы. Әрине, Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және басқа боксшылар айына 500 мың теңге ғана алып отыр деуге келмейді. Өйткені мұндай таңдаулы спортшыларға жергілікті спорт басқармалары да қаржы тағайындаған.

Елдос Сметов/ҚР ҰОК баспасөз қызметіЕлдос Сметов/ҚР ҰОК баспасөз қызметі
Елдос Сметов/ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Мысалы, дзюдо балуаны Елдос Сметовтің айына 2 миллион теңге алатынын естідім. Өйткені оған ҰОК-тан бөлек, Жамбыл облысының спорт басқармасы да жалақы береді. Соның бәрін қосқанда 2 миллионнан асады. Бұл, әрине, бейресми мәлімет,

— дейді журналист-сарапшы Аслан Қаженов.

Нұр-Сұлтан қаласының Спорт және дене шынықтыру басқармасымен тығыз әріптестік байланыста жұмыс істеген Аслан Қаженов мұндай мәліметтердің біразын білетін болып шықты.

Василий Левит/ҚР ҰОК баспасөз қызметіВасилий Левит/ҚР ҰОК баспасөз қызметі
Василий Левит/ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Мысалы, боксшы Василий Левитке елорданың спорт басқармасы Токио Олимпиадасының алдында 800 мың теңге төлеп тұрды. Бұл — оның федерациядан бөлек жалақысы. Сол кезде басқарма басшысы Самат Ерғалиев боксшы Токиоға дейін басын қатырмауы керектігін айтты,

— дейді журналист.

Аслан Қаженовтің айтуынша, спортшы Олимпиада қарсаңында дәрумен, басқа да қажеттіліктерге ақша іздеп кетпеуі керек. Сол үшін спорт басқармасының басшылары боксшының ештеңеге алаңдамай, тыңғылықты дайындалуына барлық жағдайды жасауға тырысқан.

Мұндай қошеметті елімізде көбінесе чемпиондар көріп жатады. Әсіресе, Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлде алған қыз-жігіттерге жергілікті спорт басқармалары демеушілердің есебінен болса да жақсы жалақы тағайындап беруге тырысады. Өйткені Қазақстанның өзінде басқа облыстар жоғары жалақы ұсынса, спортшылар мекен-жайын өзгерте салады.

Бір кездері Жамбыл облысының тумасы Ермахан Ыбырайымов Сидней Олимпиадасына Ақтөбе облысының атынан барған. Яғни оның алтын жүлдесі Ақтөбеге жазылды. Сол себепті жергілікті спорт басқармалары мұндай чемпиондардан айырылып қалмауды ойлайды.

Ал әлемдік деңгейде жүлде алмаған, енді ғана Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен жас чемпиондарға аз жалақы төленеді. Қайрат Сәтжанов айтқандай, олар 110 мың теңгемен шектеледі. Сол себепті олар кәсіпқой боксқа жиі кетіп қалып жатады. Өйткені ол жақта ақша әуесқой боксқа қарағанда көбірек.

Өмір болғандықтан адамдар жоғары жалақы, жақсы жағдай жасаған жерді іздейді. Тіпті алып қалғымыз келсе де, бізден жақсы ұсыныс берсе тоқтату қиын. Сол себепті, бәлкім, мемлекеттік деңгейде келісім-шарт қажет шығар,

— дейді Қайрат Сәтжанов.

Өйткені жас боксшының чемпион болу жолында мемлекеттің қаншама қаржысы төленеді. Ал ол кейін бір күнде бәрін тастап, кәсіпқой боксқа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір келісім-шарттар болса, ұлттық құрамада сайысқа шығатын боксшылардың саны көп болар еді деп отыр.

Ал Назым Қызайбаймен жанжалы арқылы көптің есінде қалған боксшы Ангелина Лукас жақында тағы бір маңызды мәселені көтерді. Қазақстанда сол 500 мың жалақыны алып, 10-15 жыл ұлттық құрамада жүре беретін спортшылар көп екен.

instagram.com/angelina_lukas1997instagram.com/angelina_lukas1997
instagram.com/angelina_lukas1997

Кейбіреулер 10-15 жыл айына 500 мың теңге алуға үйреніп алған. Ал енді біреулерге тіптен аз төленеді... Меңіңше, біреулер жастар боксты тастап кетсін деп әдейі істейтін секілді. Ал бұрынғы құрама бірнеше жыл 500 мың жалақы алып жүре береді,

— дейді Ангелина Лукас.

instagram.com/angelina_lukas1997instagram.com/angelina_lukas1997
instagram.com/angelina_lukas1997

Боксшы Қазақстанда 15 дүркін ел чемпиондары бар екенін айтып отыр. Басқа елдерде 10-15 жыл бұлай құрамада жүре беретіндер болмайды екен. Өйткені олар жастарға жолын беріп, кәсіпқой боксқа ауысады немесе басқа жолды таңдайды.

Белгілі спорт қайраткері, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов бұған дейін "Astana Pro Team" велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа 70 мың еуро төленетінін мәлім еткен еді. Ал бокстан ұлттық құрама бапкері Қайрат Сәтжановтың 700 мың теңге алып жүргенін айтты ол.

Кеше Үкімет үйінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ulysmedia.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында жақсы жаңалық күтіңіздер деп қалды.

"Жалпы боксшының жаттығу үшін алатын ақшасы, іссапарына бөлінетін қаражат — соның оның бәрін есептегенде қаржыны одан көп алады. Бірақ біз қазір бюджет қарастырып, оның аясында екі-үш жақсы шешім қабылдадық. Оны Мәжілістің қарауынан кейін хабарлаймыз. Бүгін қабылданған бюджеттің арқасында боксшылардың, төрешілер мен бапкерлердің жалақысын көбейтеміз деп ойлаймын", — дейді Дәурен Абаев.

Жалақыдан бөлек, Қазақстанда Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындары мен Азия чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне берілетін бір реттік сыйақы бар. Мысалы, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондарына Үкіметтен 250 мың доллар, күміс жүлдеге 150, қола медальға 75 мың доллар беріледі. Ал әлем чемпиондарына 15 мың доллар тағайындалған. Азия ойындарының жеңімпазына 10 мың доллар қарастырылған.

Халықаралық аренадан табысты оралған спортшылар жергілікті спорт басқармасы демеушілер тарапынан да ескерусіз қалмайды. Елімізде негізгі мәселе — сол жетістікке жеткенше жастардан ересектер категориясына өтетін спортшыларға қаржылай қолдаудың болмауы. Мұны фристайл-могулдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина да растап отыр.

" Олимпиада орталығына, қателеспесем, 12 жастан қабылдайды. Сосын 20 жасқа дейін жүруге болады. Бірақ олар жалақы төлемейді. 18-20 жастағы ересек адам дым ақша алмайды. Амал жоқ, туған-туыстарының есебінен күн көреді. Сосын спортты тастап, жұмыс істеп кетеді. Біреуі көлік жөндейтін орталықта, екіншісі мейрамханада даяшы болып жүреді", — дейді бапкер Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Белгілі спорт журналисі Ерзат Серғазиннің де осы саладағы жалақы мәселесіне қатысты пікірін білген едік. Ол Токио және Бейжің Олимпиадаларынан кейін қоғам тарапынан Қазақстан спортындағы проблемаға жіті назар аударылып жатқанын айтып отыр. Соның бірі спортқа бөлінетін қаржы екенін жасырмады. Оның ішінде айлық жайлы соңғы кездері көп айтылып жатқанын алға тартты.

Қазақстанда жоғары нәтижеге жетіп жүрген спортшылар — негізінен қарапайым, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Оларға әлеуметтік лифт жасалуы тиіс. Көбірек, жалақы төленуі керек. Әсіресе, жекпе-жек түрлерінің шеберлерінен қаржы аямаған дұрыс,

— дейді Ерзат Серғазин.

Өйткені күрес, бокс секілді спорт түрлері өкілдерінің нәтижесі жеңіл атлетика, жүзу, футболға қарағанда жоғары. Ол бұл ретте Дәулет Тұрлыханов пен Қайрат Сәтжановтың көтеріп жүрген мәселелері дұрыс деп санайды.

Біз әлемдік деңгейдегі сплотшыларға 2 мың доллар төлеумен шектелсек, ертең олардың кейбірі кримналдық жолға да түсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан барынша жоғары жалақы төлеген дұрыс,

— дейді журналист.

Біз негізінен олимпиадалық спорт түрлеріндегі орташа жалақы жайлы айттық. Ал футбол, хоккей және басқа да командалық спорт түрлерінде жалақы төлеу жүйесі мүлдем бөлек. Футбол клубтарында легионерлердің арасында 70-80 мың доллар алатындары бар. Хоккейде "Барыс" клубының қорғаушысы болған Даррен Диц өткен жылы 597 миллион теңге табыс тапқан.

Жақында "Астана" клубында қосалқы құрамда отырған Марк Гурманның өзі айына 6 миллион теңге алып жүргені анықталды.

Экспрес К жаңалықтарын сондай-ақ Aitu арнасынан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров