Су тасқыны

Қостанай облысында жол опырылып, жылқы құлап кетті

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Видеодан кадр

Арқалық қаласына қарасты Екідің, Жаңақала елді мекендеріне баратын жолдағы көпір қарғын судың екпінімен мүжіліп, құлап жатыр.

Жергілікті жұрт жолдың қақ ортасында қалқиып басы ғана көрініп жатқан жылқының видеосын әлеуметтік желілерге таратты, деп хабарлайды Экспресс К.

Бейнежазбада Қараторғай-Сарторғай елді мекеніндегі көпір қағын су екпінімен астынан үгітіліп, құлап жатқаны баяндалады. Ауылдықтардың өз салмағымен өткел қуысына түсіп кеткен жануарды құтқаруға келіп тұрғанын байқауға болады. Осы дерек бойынша Арқалық қаласы ТЖБ бастығы түсінік берді.

"Біріншіден, мұны көпір деуге келмес, кәдімгі аласа суағар. Ағын су соның бір жақ бетіне шығып кетіп, оқпан тауып алған. Осылайша, ол біртіндеп кеңіп, құлай бастаған ғой. Ал енді құлап кеткен ат аман-есен шығарылды. Қазір бұл учаскеге пост қойылып, қозғалыс шектелді. Жергілікті атқарушы органдарға тасқын бұзып өткен суағарды қалыпқа келтіру міндеттелді. Жырындыны қиыршық таспен бітеп, тегістеп жіберу аса қиындық туындырмайтын жұмыс деп ойлаймын", — дейді бөлім бастығы Асылхан Нұрғалиев.

Осыған ұқсас жағдай Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылына барар жолда да болды. Тұрғындардың видеосынан суағардың үсті омырылып құлап, жолдың екіге бөлінуге шақ қалғанын көруге болады. Аудан басшылығы бүгінде қауіпке қарсы қам жасалып жатқанын айтты.

"Қардың күрт еруіне байланысты Торғай-Ақшығанақ жолын су шайып кетті. Қазіргі уақытта "Қосқолов" ЖК жұмыскерлері жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", — деп хабарлады Жангелдин ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында үйді су басып, жолды тасқын бұзып кеткені туралы жазылған еді.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқыңыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров