Серік Қалиев

"Әдейі ұстап отыр". Головкиннің экс-бапкерін абақтыдан шығармай отырған кімдер?

Фархат ӘБІЛОВ

Серік Қалиев/bureau.kz

Қазақстан бокс федерациясының экс-президенті Серік Қалиевтің төртінші рет шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініші тағы да қараусыз қалдырылды.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, Серік Қалиевті бостандыққа әдейі шығармай отырғандар бар, деп хабарлайды Экспресс К.

Серік Қалиев — атақты Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері. Головкинді бұрын Қарағанды облысында жаттықтырған. Қарағанды облыстық бокс федерациясына басшылық етіп, Әуесқой бокс федерациясы ассоциациясының вице-президенті болған. 2004 жылы Асқар Құлыбаевтың өміріне қастандық жасағаны үшін 22 жылға сотталған. Ол түрмеде әлі төрт жыл отырады. Қазір денсаулығы сыр беріп, бүйрегі ауырады. Тіпті С гепатитін жұқтырған.

Серік Қалиев/Геннадий Головкин/Видеодан кадр

Адвокат Айман Омарованың сөзінше, Серік Қалиевтің шартты түрде бостандыққа шығу уақыты таяғанда, түрме басшылығы оған түрлі жаза қолданып, бостандыққа шығуына кедергі жасайды. Ол бұл іске Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қатысы бар деп те санайды.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Серік Қалиевті әдейі бостандыққа шығармай отыр. Мұндай шешімге тек осы комитеттің төрағасы, прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғана әсер ете алады. Меніңше бұл іске Ішкі істер министрінің қатысы жоқ. Бізде бәрі бір-бірімен келіседі ғой. Қаласа — шығарады, қаламаса — шығармайды. Соттар да солай істейді. Бұл — біртұтас жүйе. Сотталғандардың айтуынша, материалдық жағдайсыз ешкім шыға алмайды, — дейді Айман Омарова.

Адвокаттың айтуынша, Қалиевтің шартты түрде бостандыққа шығуына толықтай мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Омарова түрме басшылығының ісіне де шағымданды.

Мен оған бардым. Дұрыс кездесу ұйымдастыра алмады. Қуықтай бөлмеде кездестірді, әңгімеміз бәріне естіліп тұрды. Құқылары жоқ болса да, мені толық тексерді,

— деп шағымданды адвокат.

Әкесін бостандықта соңғы рет 14 жасында көрген Ерік Қалиев қазір 32 жасқа толған. Оның айтуынша, әкесін Алматы маңындағы түрмелерге ауыстыру үшін Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне бес рет өтініш жазғанымен, өтініші орындалмаған. Тіпті Серік Қалиевті отбасымен сөйлесуге рұқсат бермейді екен.

— Біз оны шартты түрде бостандыққа шығаруға өтініш жазсақ, мекеме қызметкерлері бар күштерін салып, әкемді тәртіп бұзды деп айыптап, рапорт толтырады. Содан әкем ылғи нашар мінездеме алады. Ал мінездеме шартты түрде бостандыққа шығуға әсер етеді. Әкем қартайды, ауырады. Сол себепті тәртіп бұзбайды. Ол тезірек бостандыққа шығып, немерелері мен отбасын көргісі келеді, — дейді Ерік Қалиев.

Серік Қалиевтің адвокаты мен туыстары оны тезірек бостандыққа шығару үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға бекініп отыр.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқыңыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров