Бала

Дамыту орталығына ерте барған бала кейін айналасын жек көріп кетеді – психолог

Лаура БИҒАЛИ

© iStock

Қазір кейбір ата-ана 3-4 жастағы баласын түрлі дамыту орталықтарына сүйрейді. Тіпті шамадан тыс оқудың салдарынан баланың ойнайтын бос уақыты болмай қалады.

Бұл дұрыс па әлде бұрыс па? Баланың жүйке жүйесіне қалай әсер етеді? Қандай қауіп бар? Ата-ана мен баланың қалауы бірдей болмаса не істеу керек? Осы сауалдарды Экспресс К тілшісі он жылдық тәжірбиесі бар психолог Гүлмира Ғабитқызына қойды.

instagram.com/balalar_psihologiasiinstagram.com/balalar_psihologiasi
instagram.com/balalar_psihologiasi

Психологтың айтуынша, әрбір ата-ана баласын білім беру орталықтарына оқытпас бұрын оның қабілетін, қызығушылығын зерттеп алуы қажет.

"Бұл оқу балаға қаншалықты жеңіл? Осыны анасы алдымен зерттеп алуы тиіс. "Көршінің баласы оқып жатыр, менің балам да дәл солай қабылдайды", деп салыстыру үлкен қателік. Әр баланың қабылдауы, таным қабілеті әртүрлі. Баланың шамасы келетін нәрсеге беру керек. Оны желкелеп апарып оқисың деу дұрыс емес. Бұл баланың жүйке жүйесіне әсер етеді. Ертең оның өзін-өзі бағалауы түсіп кетуі мүмкін. Көршінің баласы жақсы жауап береді, мен жауап бере алмаймын. Демек, "мен ақылсызбын" деген ой қалыптасады. Сол арқылы айналасын жек көріп кетуі мүмкін. Егер оны қабылдай алмаса, онда баланы басқа бір нәрсеге қызығушылығын ояту керек. 3-4 жастағы бүлдіршінді үш, төрт бағытта дамытуға болмайды. Баланың бос уақыты аз болғандықтан, ол "агрессия" танытады. Егер оның жүйке жүйесіне әсер етіп жатса, оның не пайдасы бар? Балақайдың бос уақыты болуы керек. Қалағанынша достарымен ойнауы қажет", — дейді психолог Гүлмира Ғабитқызы.

Алайда психологтың бұл пікірімен Салтанат Төлегенова келіспейді. Себебі, ол жалғыз қызы Інжуді төрт жасынан бастап менталды арифметика мен ағылшын тілін қатар оқытқан. Ол осы уақытқа дейін қызының ашушаң мінезін еш байқамаған. Керісінше, көңілдене түскен. Сонымен қатар Інжудің есте сақтау қабілеті ерекше дами бастаған. Баласын жан-жақты дамыту Салтанаттың қалауы еді.

"Інжудің мінезі тұйық. Өзге балалар сияқты өз ойын еркін айта бермейтін. Бір күні теледидардан төрт-бес жастағы балаларды менталды арифметика курсына қабылдап жатыр деген жарнаманы құлағым шалып қалды. Бірден қызығып, қызым есепті жақсы шығарсын деп сол білім орталығында оқыта бастадым. Оны жақсы алып кеткен соң, көп ұзамай ағылшын тілін меңгере берсін деп тағы бір орталыққа жаздырып қойдым. Кейін ол аз деп домбыра, би, ән салу үйірмелеріне бердім. Әрине әр қайсысының өзінің көмегі тиді. Мысалы, менталды арифметика есте сақтау қабілетін жетілдірді. Кейін бірінші сыныпқа барғанда оқу, есеп шығару жағынан еш қиналмады. Ол үшін қалтамнан біраз ақша шығардым. Менің балам өзге балалар сияқты ойнамады. Өйткені оның мүлдем бос уақыты болмады. Қазір қызым 13-те. Өз ойын еркін жеткізеді", — дейді Салтанат.

Ал екі баланың анасы Гүлшат Қапанова тұңғыш қызы Айлинді екі жарым жасында би үйірмесіне апарған. Алайда бүлдіршінде би қимылын үйрететін маман әлі кішкентай деп қабылдамай қойыпты.

Гүлшат Қапанова/Жеке мұрағатГүлшат Қапанова/Жеке мұрағат
Гүлшат Қапанова/Жеке мұрағат

"Қызымның биге қызығушылығын байқадым. Ырғақты әуен тыңдасы болды би билеп, көңіл-күйі көтеріліп қалады. Екі жасында балабақшаға бердім. Тәрбиешілер оның өте өнерлі екенін қайта-қайта айта берді. Содан үйдің жанында би үйірмесі ашылды. Қызымды екі жарым жасында сол үйірмеге жаздырдым. Бірақ би қимылдарын үйрететін маман оны әлі кішкентай деп қабылдамады. Содан әлгі тренерге жалынып жүріп қызымды бірінші сабағына қатыстырдым. Өнерлі балам биді ары қарай алып кетті. Тіпті бірнеше байқауларда топ жарды. Баламды ерте жастан оқу оқытып қатты қинағым келмеді. Би енді дене бітімін жөндейді. Менталды арифметика, шет тілдерін мектепке барған соң үйренуге болады деп ойлаймын. Себебі оның қабылдауына ауыр тиеді", — дейді Гүлшат Қапанова.

Гүлшат әрбір ата-ана баласының қалауына аса мән беруі тиіс деген пікірде. "Айгөлек" — балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбілдәқызы ойын баласын қинап, оқытудың қажеті жоқ дейді.

"Қазір "баласынан қандай ойыншықты жақсы көресің?" деп сұрайтын ата-ананы көрмедім. Ата-ана ойыншықты өзінің қалтасына қарап сатып әпереді. Біз сол ойыншық арқылы баланы тәрбиелей алатынымызды түсінбейміз. Ол үшін ең бірінші баланың ойынын қандыру керекпіз. Бала ойынды ешқашан жалғыз ойнамайды. Достарымен бірге ойнайды. Ойын арқылы тәрбиелеу керекпіз. Қазір көп ана-ата көршінің баласынан қалып қалмасын деп анда да, мында да сүйрейді. Өзгеге еліктеу белең алып барады. Ана балаға жауапты. Сондықтан оның жақсы адам болып жетілуіне атсалысуы керек. Ең бірінші баланың ішкі әлеміне үңілу керек. Баланы жан қалауына қарай бағыттау керек. Жаны қаламаған білім орталығына апаруға болмайды, оның армандарын шектеп тастайды. Тіпті өсе келе өз-өзіне деген сеніме төмендеуі мүмкін", — дейді Қымбат Әбілдәқызы.

Қымбат Әбілдәқызы/instagram.com/aigolek_zhurnalyҚымбат Әбілдәқызы/instagram.com/aigolek_zhurnaly
Қымбат Әбілдәқызы/instagram.com/aigolek_zhurnaly

Экспрес К жаңалықтарын сондай-ақ Aitu арнасынан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров