Суицид

Шымкентте ПД баспасөз хатшысы жұмыстан кеткен күні суицид жасады

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

facebook.com/moldyr.bekeeva

Шымкентте қол астындағы қызметкерлеріне былапыт сөздерді жаудырды деген айыппен аудиожазбасы тараған Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі жұмысынан кетіп, артынан суицид жасады.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева суицид жасамас бұрын өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырған, деп хабарлайды Экспресс К.

Ол екі айдан бері басшылық тарапынан қысым көріп келгенін және өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын атап өткен. Бұл істің қозғалуына тікелей басшысы, Полиция департаменті бастығының қатысы барын алға тартқан

Мөлдір Бекеева жұмысынан өз еркімен емес, мәжбүрлі түрде кеткенін мәлімдеді. Оған себеп — үстінен қылмыстық істің қозғалуы.

"Мен сындым... Сабырым таусылды... Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң, кеттім! Әлеуметтік желілерде тараған беймәлім жала аудиожазбаға барынша шағылмай, бұл да бір Алланың берген сынағы, көтеруім керек деп іштен тынып, сыр алдырмай жүрген едім... Мен өз еркіммен емес, мәжбүрлі түрде кеттім. Бұлар адамды жұмыстан кетіру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амалдарды табады екен ғой! Бүгін соған көзім жетті!" — деп жазды ол.

facebook.com/moldyr.bekeevafacebook.com/moldyr.bekeeva
facebook.com/moldyr.bekeeva

Мөлдір Бекеева Анықтау басқармасының бастығы хабарласып, үстінен Қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-бөлігімен іс қозғалғанын айтқанын және тергеуге шақырғанын да өз жазбасында көрсеткен. Оның жазуынша, осыдан екі ай бұрын Полиция департаментіне жаңа басшы келіп, онымен жұмысты ары қарай жалғастыра беретін болып келісіпті. Әрі басшысы өзін мақтау керектігін ашып айтқан көрінеді.

"...Мен зейнеткерлікке шығатын адам абырой үшін жұмыс атқарады ғой деп, әкемдей кісіге сендім. Келесі күні шақырып: "Мөлдір, жұмысты бастайық! Сенің жақсы қызметкер екеніңді естідім. Салтанат (сол кездегі Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі, қазір Шымкент қалалық ПД ресми өкілі — автор) Түркістанда қалады, оны мұнда әкелетін ойым жоқ. Журналистерді өзің жақсы танисың, әріптестерің. Енді біздің Түркістандағы "әдіс" бойынша, жекелей "ставкілерін" беріп, мені мақтау-мадақтауға көшіру керек. Жәйлап, өзің әрқайсымен сөйлесіп шық. Ал қаржы жағын еш уайымдамасаң болады. Шәйін-майын бәрін көтереміз. Ол жағына жеке құрам да бізге "жақсылап" көмектеседі" деді. Мен бірден шошып кеттім де, бізде бұған дейін ондай жүйе болмағанын, әріптестерімнің алдында бұлай жасап, абыройымды төкпейтінімді айтып, үзілді-кесілді қарсылық білдірдім", — делінген жазбада.

Осыдан кейін баспасөз хатшысы қысым мен қудалауға ұшырай бастапты.

Өз өмірімен қоштаспақ болған экс-қызметкер департамент бастығы командасын қол астына кезегімен әкеліп жатқанын ашып жазған. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Түркістаннан (Шымкенттің қазіргі бас полицейі бұған дейін Түркістан облыстық ПД бастығы болған: автор) ондаған адам қызметке келген. Оның 7-уі басшылық қызметке орналасыпты. Бұдан өзге Мөлдір Бекеева департамент прокуратураның рұқсатынсыз қылмыстық жариялауға жатпайтын ақпараттарды таратып отырғанын, ал ол үшін прокуратурадан ескертпе хат алғанын да жазған. Сонымен қатар еңбекақысын әлі ала алмай жүргенін де атап өткен.

"...Осы соңғы жазба-хатымды әлеуметтік желіге жазып, өзін ақтағысы келіп отыр деп жазатындар табылатын шығар... Бірақ енді маған бәрібір! Мен енді Алланың алдында ғана есеп беремін! Себебі, Дәлбеков мырзаның (Шымкент қалалық ПД бастығы Қайрат Дәлбеков: автор) алдына шындықты айтып, бір емес бірнеше рет барғанымда, ол мені тіпті тыңдағысы да келмеді. Ашылған қылмыстық істің өзі — жүз пайыз сол кісінің қолымен жасалып отырғанына сенімдімін, мені жұмыстан өз еркіммен кетіру үшін жасап отырған кезекті іс-әрекеті ғой! Бұлар мені қылмыстық жазаға тартпай тынбайды, сол үшін… Мен енді жұмыстан ғана емес, өмірден кеткенді де жөн көрдім… Барлық туыс-жақындарымнан, таныстарымнан менің тарапымнан кеткен ағаттық немесе қателік болса, кешірім сұраймын!", — деп сөзін түйген департаменттің экс-қызметкері.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұған дейін Мөлдір Бекееваның өз-өзіне қол салмақ болғанын растады. Олардың мәліметінше, қазір оның жағдайы ауыр, комада жатыр. Дәрігерлер Мөлдірді аман алып қалу үшін барын салуда. Ал қалалық Полиция департаментіндегілер экс-қызметкердің бұл жазбасына қатысты ресми пікірді кейінірек беруге уәде етті.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде суицид жасаған экс-қызметкердің дауысына ұқсас аудиожазба тарады. Онда баспасөз қызметінің жетекшісі делінген азаматшаның қызметкерлеріне былапыт сөздерді жаудырып, сөгіп жатқанын естуге болады. Кейін Баспасөз хатшысы аудиожазбаға қатысты түсініктеме берді. Ал қалалық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасындағылар қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров