Жол

Әкімдіктен көңілі қалған тараздықтар көшелерді өздері жөндеп жатыр

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Тараздағы Бурыл ауданының жұртшылығы әбден тозып, ойдым-ойдым болған жолдарды өз күштерімен ретке келтіруге мәжбүр. Себебі қала басшылығына өтініш айтып қанша барғанымен, одан еш нәтиже шықпапты.

Көктемгі жауын-шашыннан соң бұл аумақтағы жолдармен жүру тіптен қиындаған, деп хабарлайды Экспресс К

"Бурыл ауданында асфальт салынатын болыпты" деген сүйінші хабарды жұртшылықтың күтіп жүргеніне біраз жыл болды. Жалпы, бұл аумақта соңғы жылдары тұрғындардың саны күрт көбейген. Жеке баспаналар салынған сектордың маңында көпқабатты үйлер бой көтеріп, жаңа ықшамаудан пайда болды. Сәйкесініше көлік қозғалысы да көбейген.

"Алайда соңғы уақытта Бурылдағы жолдармен автокөлікпен тұрмақ, жаяу жүру қиындап кетті" — деп ашуланады тұрғындар.

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ
©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Жүру мүмкін емес. Көлікке обал. Апта сайын жөндеуге тура келеді. Асфальт төселеді дегендеріне, міне, 5 жыл болды, әлі жоқ. Халықты ойлап жатқан шенеунік көрмедік. Орталықты айналдыра жасай бергенше, осындай аудандарға көңіл бөлмей ме?!

— дейді тұрғын Бауыржан Досжанов .

Тиісті органдардан еш көмек болмаған соң көпшілік өздері әрекет етуге көшкен. Тұрғындардың бірі қажетті тас пен топырақты тасып беріпті. Қазір Рамазан айы болған соң, жұртшылық ауызашардан соң жиналады екен. Сөйтіп, түнгі 1-2-ге дейін шұңқырларды толтырып, жол тегістейді.

©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ
©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Ораза айы ғой қазір. Жол салу, көпір салу деген жұмыстар дінімізде үлкен сауап делінген. Сондықтан бір жағынан көшемізді жөндейміз, сондай-ақ осылайша сауап жинап жатқан жайымыз бар,

— дейді тұрғындар.

Ал Тараз қалалық әкімдігі көшелерді жөндеуге қаржының жоқтығы қолбайлау болып келгенін айтады. Жалпы, аталған ауданға асфальт төсеу үшін бірнеше сараптама жасалуы қажет. Әкімдіктегілер қазір сол жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Болжам бойынша, бүкіл ауданды қамту үшін 2 миллиард теңгеден астам қаражат керек екен.

Бұл ауданда асфальт салу күн тәртібінен түскен емес. Алайда жергілікті бюджетте мұндай қаражат жоқ. Егер республикалық бюджеттен биыл қаржы қарастырылса, мәселе шешіледі,

— дейді қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

Күтуден шаршаған тұрғындар әкімдіктен, ең болмаса, техника беріп көмектесуді сұрады.

"Қанша көп болғанымызбен, екі қолдың күшімен бүкіл жолды жөндеп шығу мүмкін емес қой" , — дейді көпшілік.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров