Қоқыс

"Ақырзаман сияқты". Ақтөбе көшесінде шашылып жатқан қоқыс жұртты шошытты

Кәмшат ҚОПАЕВА

Видеодан кадр

Ақтөбедегі Тургенев көшесінің бойында шашылып жатқан қалдықтар жұрттың ашуын тудырды.

Тұрғындар шашылған қоқысты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салды, деп хабарлайды Экспресс К.

Instagram-да жарияланған бейнежазбада көшенің бойы күл-қоқысқа толып кеткен. Қағаз, полиэтилен пакеттерді айтпағанда, диван секілді қатты тұрмыстық қалдықтарға дейін шашылып жатыр.

Қалдықтар қар суымен езіліп, көшенің көркін кетіріп тұр. Ал контейнерлер аузы-мұрнынан шығып толып қалған. Осы көрініске қарап, бұл көшеден жақын уақытта қоқыс алынбағанын көруге болады.

Әлеуметтік желіде тұрғындар түрлі пікір білдірген. Бірі "Ақтөбе, кешір бізді" деп қаланың тозып кеткеніне қынжылса, енді бірі "тұғындар сенбілікке шықсын" деп ақыл айтқан.

Аталған мәселе бойынша тиісті мекемеге хабарластық. Бұл аумақты "NEO PLUS" ЖШС-ы тазартады екен. Серіктестіктің абонементтік бөлім басшысы Арман Өтебаевтың айтуынша, Тургенев көшесінің бойындағы қалдықтар қыстан қалған.

Ол жердегі қоқыс алынды. Бәрін тазартып қойдық. Қыста да тазартамыз. Бірақ кейбір тұрғындар құрылыс материалдарын тастайды. Қоқысты иттер шашып кетеді. Содан қалып қойған,

— дейді Арман Өтебаев.

Оның айтуынша, күніне 20-ға жуық техника шығады. Әр көліктің өзінің кестесі бар. Сол бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинап алады.

Серіктестік Молдағұлова даңғылынан бастап өндірістік аймаққа дейінгі және Тургенев көшесінен "Жаңа қоныс" ықшамауданына дейінгі аумақты қамтиды.

Жалпы қалада қоқыс мәселесі өзекті. Тұрғындар қалдықтардың уақытында алынбайтынын айтып, жиі шағымданады.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров