Мөлдір Бекеева

"Жұмыстан кеткен жоқ". Полициядағылар өзіне қол салған қызметкер туралы айтты

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мөлдір Бекеева/facebook.com / ©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Жұмыстан шыққан күні суицид жасауға талпынған Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысына қатысты ведомстводағылар пікір білдірді.

Департаменттегілер өз-өзіне қол салған Мөлдір Бекеева жұмыстан кетпегенін мәлімдеді. Сонымен қатар оның үстінен не үшін қылмыстық іс қозғалғанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Өзіндік қауіпсіздік басқармасындағылардың мәліметінше, суицидке талпыну дерегінен соң полицейлер Қылмыстық кодекстің 105-бабымен (Өз-өзіне қол салу) іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Ал баспасөз хатшысының үстінен қозғалған қылмыстық іс жақында ғана желіде тараған шулы аудиожазбаға қатысты екен.

Еске салсақ, наурыз айының соңында "Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы қызметкерлеріне балағат сөздер айтты" деген мағынада аудиожазба тараған болатын. Бұл дерек бойынша, Өзіндік қауіпсіздік басқармасындағылар қызметтік тексеру бастағанын мәлімдеген еді. Тексеру нәтижесі бойынша, үнжазбадағы дауыс расымен де баспасөз хатшыныкі, ал оны полицей жазып алғаны анықталыпты. Ол өткен жылдың желтоқсанында жазылған. Дауысты басып алған қызметкер бұл қадамға жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында амалсыздан барған екен.

"Мөлдір Бекеева қызметкердің орындаған тапсырмасы негізінде күн сайын жанжал шығарып, оны қорлаған және ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін былапыт сөздерді айтқан. Сонымен қатар оны жұмыстан босатамын деп бопсалаған. Қызметкер жігіт шарасыз қадам жасауға бел буып, смарт-сағатқа дыбыстық жазба жасайды. Оның сөздерін баспасөз қызметінің, кадр басқармасының қызметкерлері, 5 жүргізуші растады. Олар 10 ай бойы ПД баспасөз қызметі басшысының қол астында жұмыс істеген. Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын анықтау бөлімі жүргізеді", — делінген Өзіндік қауіпсіздік басқармасының хабарламасында.

Шымкент қалалық Полиция департаменті кадрлық саясат басқармасының басшысы Данияр Үндербаев болса, баспасөз қызметі жұмысынан кетпеді деп отыр.

"Жұмыстан кету туралы өтініші хатшылыққа тасталған. Бірақ ол жұмыстан кеткен жоқ, әлі біздің қызметкер. Өйткені анықтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізеді. Соның қорытындысынан соң тиісті шара қабылданады. Бұл қосымша хабарланады", — деді ол.

Бірақ Данияр Үндербаев өзіне қол салған қызметкердің соңғы хатына қатысты нақты ешнәрсе айта алмады.

Тілшілердің "Хатта Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің аты аталады. Оған қатысты тексеру жүргізіле ме?" деген сұрағына "Ішкі істер министрлігінен нұсқау келген жағдайда қосымша хабар береміз" деп қысқа қайырды ол.

Экспресс К бұған дейін ПД баспасөз хатшысының суицид жасағанын туралы жазды. Ол өзінің хатында басшылықтан қысым көргенін алға тартқан.

Қазір департамент қызметкерінің жағдайы тұрақты ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік препараттар ішкен болуы мүмкін екенін айтып отыр.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров