Шоу-бизнес

Айсұлтан Сейітов: "Арыстанбек Мұхамедиұлы ашық түрде 10 млн доллар ұсынды"

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Айсұлтан Сейітов / Арыстанбек Мұхамедиұлы

Танымал режиссер Айсұлтан Сейітов Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрі кезінде ақша ұсынғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұрынғы шенеунік оған "жобаларыңды жүзеге асыр" деп, 10 миллион доллар бермек болған, деп хабарлайды Экспресс К.

Мен 2019 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездестім. Ол кездесу барысында менің 10 миллион долларға дейінгі кез-келген жобамды қолдауға әзір екенін айтты. Ал досыма Үкіметтен бір орын тауып бермек болды,

— дейді жас режиссер.

Айсұлтан Сейітовтің айтуынша, ол мұндай әңгіменің соншалықты тура әрі ашық айтқанына таң қалған. Сөйтіп, досы екеуі еш ұсынысты қабылдамай кетіп қалған.

Біз бұл мәселеге қатысты Арыстанбек Мұхамедиұлының да пікірін білдік. Ол режиссердің сөзін жоққа шығарды.

"Онымен кездескенім рас. Қазақстанның кино саласын дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Бірақ ақша туралы ешқандай сөз болған жоқ. Мұны сөз қылудың өзі артық. Қаражат бөлу мәселесімен "Киноны қолдау орталығы" айналысады. Ал досына Үкіметтен қалай жұмыс тауып беремін? Онымен премьер-министр айналысады ғой, ол жақтың өз талаптары бар. Әрине жалындап тұрған талапты жастарды әрдайым қолдаймын. Ары кетсе министрлікке шақыруым мүмкін. Бірақ Үкіметке емес", — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айсұлтан Сейітов 25 жастағы қазақстандық танымал режиссер, клипмейкер екенін айта кетейік. Ол ТМД былай тұрсын, АҚШ-тағы ең атақты 21 Savage, Offset, Трэвис Скотт және Канье Уэст сияқты жұлдыздарға клип түсірген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров